Мамыр айының 14-жұлдызында Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақ даласындағы дәстүрлі ислам құндылықтары» VІ Республикалық имамдар форумы өтті. Форумға арнайы Ұлытау облысы бас имамы Бейбіт Бақытжанұлы бастаған бір топ делегация қатысты.
Форумға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Жұмабайұлы, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ғұламалар және Сарапшылар кеңесінің мүшелері, медресе-колледж бен қарилар орталығының директорлары, сондай-ақ еліміздің әр аймағынан онлайн және офлайн форматта 1000-ға жуық имам қатысты.
Осы форум аясында қоғамның рухани дамуына үлес қосатын екі маңызды құжат қабылданды:
«Қазақ халқының дәстүрінде және Ислам дінінде отбасы құндылығы» тұғырнамасы – отбасы институтының Исламдағы орны мен жауапкершілігін нақтылап, ата-ана мен ұрпақ арасындағы байланысты нығайтуды, иманды, тәрбиелі әрі білімді ұрпақ өсіруді басты мұрат еткен тұғырлы ұстаным.
Ал «Құдайы аста ысырапқа жол бермеу» құжаты – құдайы ас беруде қарапайымдылықты сақтау, шариғат пен ұлттық дәстүр үйлесімін қалыптастыру, қоғамда көрініс беріп отырған ысырапшылдық пен бәсекелестіктің алдын алу бағытында жол көрсететін маңызды құжат.