«ИМАНИ ЖАЗ-2025» ҚАТЫСУШЫЛАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Ұлытау облысы өкілдігіне қарасты барша мешітте басталған «Имани жаз – 2025» жазғы діни сауат ашу курсының алғашқы легі өз мәресіне жетті.

Облысқа қарасты барлық мешітте сауат ашу курсының алғашқы легі аяқталуына орай сертификат табыстау ұйымдастырылды. Салтанатты шараларда мешіт ұстаздары шәкірттер мен ата-аналарды құттықтап, мақтау қағаздары мен сыйлықтарын табыстады.

Айта кетейік, мектеп жасындағы оқушылардың демалыс уақытын тиімді өткізу мақсатында бастау алған республикалық жобаның алғашқы легіне облыс бойынша 200-ден астам бала қатысып, «Имандылық әліппесі» кітабы негізінде Алланың көркем есімдері, мақал-мәтелдер, ғибратты әңгімелер мен ислам әдептерін оқыды, Құран әліпбиін үйреніп, таңдаулы дұғалар жаттады. Сонымен қатар сауат ашу курсы барысында Қазақстан тарихы бойынша қызықты дәрістер өткізілді.