ЖАҢААРҚА АУДАНЫНДА МӘУЛІТ КЕШІ АТАП ӨТІЛДІ

Жаңаарқа ауданында Мәуліт мерекесі жоғары деңгейде және ерекше рухани сипатта атап өтілді. Ауданның бас имамы Асқар Мейрамбекұлының ұйымдастыруымен өткен мерекелік рухани кеш «Халық» мешітінде өтті.

Мерекенің басты мақсаты – Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) өнегелі өмірін ұлықтау, жастардың рухани дүниесін байытып, қоғамда ізгілік пен мейірімділікке үндейтін құндылықтарды насихаттау болды.

Кеш барысында Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өмір жолы жайлы тағылымды уағыз-насихат айтылды. Аудан тұрғындарына арналған діни викторина ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды. Мәуліт мерекесіне орай арнайы ас беріліп, Пайғамбарымыз сүйіп жеген тағамдар ұсынылды. Шараға арнайы Ұлытау облысының бас имамы Бейбіт Бақытжанұлы, Ұстаз Жұмаділдә Елдос қатысты.

Мәуліт мерекесіне арналған бұл кеш жүректерге иман нұрын ұялатқан, бірлік пен бауырмалдықты арттырған тағылымды рухани басқосу ретінде есте қалды.