«МЕНІҢ АЛҒАШҚЫ ОРАЗАМ»

Мен оразаны кішкентай кезімнен бастап ұстаймын. Ораза мен намаз дегенді ешқайдан естіп, біліп өскен жоқпын, өйткені жақындарымның ішінде дінге жақын ешкім болмады. Бірақ жүрегім әрдайым намазға, оразаға, мешітке тартып тұратын. Орамалды қыздарға қатты қызығатынмын. Намаз оқып, Құран үйренгім келетін, бірақ оны қайдан, қалай үйрену керегін білмедім. Арнайы кітаптар туралы да хабарсыз едім, ал мешітке әке-шешем жібермейтін.

Алғашқы оразам туралы айтсам — шамамен 11–12 жасымда еді. Көрші қыз екеуімізге мешіттен ораза кестесін алып келген болатын. Ол жылдары (2008 шамасы) ел ішінде жат ағымдар күшейіп тұрған кез еді. Сол кестені тоңазытқыштың сыртына магнитпен жабыстырып қойдым. Бір күні оны әкем көріп қалып:
— Кестені қайдан алып келдің? Уахабистердің жиынына қатысып жүрсің бе? Егер солармен байланысың бар екенін білсем, сирағыңнан ұстап, балконнан лақтырып жіберемін! — деп қатты ұрысқан еді.

Сол алғашқы оразамда түкірік жұтпай ұстадым. Біреуден «түкірік жұтуға болмайды» дегенді естіп алыппын. Сондықтан кішкентай бір банканы түкіру үшін сөмкеме салып алып жүретінмін. Қайда барсам да, сол банкам жанымда болатын. Мектепке де, ауылға жазғы демалысқа да өзіммен бірге алып жүрдім. Жатсам-тұрсам да жанымнан тастамайтынмын. Кейін түкірікті жұта беруге болатынын білгенде, қатты қуандым.

Тағы бір қызық жағдай — ауыз бекітерде дұға оқып алып, содан кейін су ішіп жүрдім. Бірде оны бөлем көріп қалып:
— Олай болмайды, алдымен су ішіп, содан кейін дұға айтасың, — деп үйреткен еді.

Мұның бәрі — білімсіздіктің салдары. Адам әрдайым ізденіп, білім алып отырмаса, бір орында тұрып қалады. Алдағы уақытта біліміміз арта түседі деген үміттемін. Қазір, шүкір, Құран және діни білім беретін ұстаздар келіп, сабақ өтуде.

Ұстаздарымызға Аллаһ разы болсын!
Аллаһ Тағала білімімізді арттырып, біліп-білмей жасаған қателіктерімізді кешірсін!
Ұстаған оразамыз қабыл болсын, ин шаа Аллаһ!