ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА РАНТ МҮШЕСІНІҢ ҚАТЫСУЫМЕН АҚПАРАТТЫҚ КЕЗДЕСУЛЕР ӨТТІ

13–14 қараша күндері Ұлытау облысында діни сұрақтар бойынша РАНТ мүшесі, ислам мәзһабтары тарихының магистрі Ғазиз Нұртайұлы Ахметов жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында маман өңірде діни сауаттылықты арттыру, радикалды идеологияның алдын алу және қоғамдағы рухани бірлікті нығайтуға бағытталған бірқатар кездесулер өткізді.

13 қараша күні түсіндіру жұмыстары еңбек ұжымдарынан басталды. Алдымен Қ.И. Сәтбаев атындағы «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі қызметкерлерімен, артынша «Amanat» партиясы филиалының ғимаратында қала тұрғындарымен «Дәстүр мен руханият үндестігі – қоғам бірлігінің негізі» тақырыбында жүздесу өтті. Сол күні Сәтбаев қалалық «Балмағамбет Балқыбайұлы» мешітінде жергілікті жамағатпен жүздесіп, рухани насихат өткізілді.

14 қарашада ақпараттық жұмыс түзету мекемесінде жалғасты. №62 түзету мекемесінің сотталған азаматтарымен кездесу өтіп, деструктивті діни ағымдардың белгілері мен олардың алдын алу жолдары түсіндірілді.

Сол күні Ұлытау облыстық «Ахмет Ишан Оразайұлы» мешітінде жұма уағызын жүргізіп, «Әбу Ханифа және ханафи ғалымдары мен олардың еңбектері» тақырыбында насихат айтты.

Сапардың қорытынды шарасы — «Kazakmys Smelting» ЖШС мыс қорыту зауытының жұмысшыларымен «Дін мен дәстүр үндестігі – тұрақты қоғам кепілі» атты ақпараттық кездесу болды.

Сапар барысында Ғазиз Ахметов қоғамдағы тұрақтылық пен рухани келісімді нығайтуда дәстүрлі діни құндылықтардың рөліне ерекше тоқталып, тұрғындарды ақпараттық иммунитетті күшейтуге шақырды.