I РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ҮЗДІК ИМАМ» БІЛІМ САЙЫСЫНДА ҰЛЫТАУ ИМАМЫ ҮЗДІК БЕСТІКТЕ

Кеше елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Үздік имам» І республикалық интеллектуалды білім сайысы өтті.

Республикалық деңгейде алғаш рет ұйымдастырылып отырған байқауда қатысушылар «Қасиетті Құран», «Бабалар даналығы», «Дін мен дәстүр», «Хадис шәріп» және «Көркем насихат» кезеңдері бойынша өзара сайысқа түсті. 

Алғаш рет ұйымдастырылған бұл додаға өңірлерден іріктелген 20 имам қатысып, Ұлытау облысының намысын қорғаған Әбділда Жанбота имам үздік финалисттер қатарынан көрінді. 

Марапаттау рәсіміне арнайы қатысқан ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы сайыстың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға ризашылығын білдірді.

«Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басты міндетінің бірі– дін қызметкерлерінің біліктілігін үздіксіз көтеріп, ел бірлігіне, қоғам тұрақтылығына, отбасы құндылықтарына, ізгілік пен адамгершілікке үндейтін сауатты діни кадрлар даярлау. Өйткені имам мешіт қызметкері ғана емес, ол қоғамның рухани тірегі, ұлттық тәрбиенің, ел тыныштығы мен ұлт бірлігінің ұйытқысы.

Бүгінгі білім сайысы әрбір имамның өз әлеуетін көрсетіп, білімін шыңдап, тәжірибесін байытуына үлкен мүмкіндіктуғызды деп есептеймін. Білім сайысына еліміздің әр облысынан іріктеліп келген ең үздік имамдар өздерінің білімі мен парасын паш етті. Сондықтан осы сайысқа қатысқан әрбір имам жеңімпаз атанды деп санаймын. Алла қаласа, имамдар арасындағы бұл жарыс жыл сайын жаңа деңгейде ұйымдастырылып, дәстүрге айналады деген сенімдемін», – деді Бас мүфти.