
Уақып дегеніміз – бір мүлікті жеке меншік иеліктен шығарып, Алланың мүлкі деп қабылдап, оны адамдардың игілігіне ұсыну болып табылады. Мұндағы екі маңызды мәселенің біріншісі – уақыпқа берілетін нәрсенің міндетті түрде мүлік болуы. Екіншісі – уақыпқа берілген мүліктің адамдардың пайдасына қызмет етуі. Мүлік жеке меншік иеліктен шығарылып, Алланың мүлкі ретінде қабылданған кезде ол уақып болып саналады.
Уақып қандай мақсатпен құрылған болса, сол мақсат жойылмаған жағдайда уақып ретінде қызмет етуін жалғастыруы тиіс. Бұл мақсат міндетті түрде адамдардың игілігіне бағытталуы қажет. Адамдарға пайдасы жоқ іс үшін уақып құруға болмайтын. Османлыда білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек, дін істері, қоғамдық құрылыс сияқты барлық көмек түрлерін уақыптар жүзеге асырды. Жолдар, керуен-сарайлар (хан), субұрқақтар (чешме) уақыптар тарапынан салынды. Әрбір махалленің (көршілестік ауданның) өз уақыбы болды және сол уақыптар барлық істерді атқарды. Сондықтан Османлы мемлекеті – уақып өркениеті еді.
Уақып жүйесі өзінің соңғы әрі ең кемел түрін Османлыда алды. Ең кең таралған түрде Османлыда кездескенімен, уақып жүйесінің институционалдануының шыңы да Османлы кезеңінде болды.
Османлыда уақыптың заңдылығы мен құқықтық негізі хадистерге сүйенді.
Уақыпта екі негізгі элемент болды. Біріншісі – аслы уақып (негізгі уақып), екіншісі – мүәссесат-ы хайрийе (қайырымдылық мекемелері). Мүәссесат-ы хайрийені қаржыландыратын көздер аслы уақып деп аталды. Бұлар жер, ғимарат, базар, керуен-сарай, хаммам (монша) болуы мүмкін. Сонымен қатар Османлыға тән ерекшелік ретінде ақша уақыбы да болған. Әдетте уақып мүліктері жылжымайтын мүлік болуы тиіс еді. Алайда Османлыда ақша арқылы уақып құруға да рұқсат берілді.
Мүәссесат-ы хайрийе дегеніміз – білім беру мекемелері, қоғамдық құрылыс орындары, діни мекемелер сияқты уақып қандай мақсатпен құрылған болса, сол мақсатты жүзеге асыратын мекемелер еді.
Аслы уақып жылжымалы және жылжымайтын деп екіге бөлінді. Алайда негізгі уақып көбінесе жылжымайтын мүліктерден тұрды. Негізінде жылжымалы мүліктер уақыпқа берілмейтін. Бірақ Османлы құқық жүйесінде жылжымалы мүліктерді де уақыпқа беруге рұқсат етілді.
Аслы уақып үшін инвестициялар жасалып, соның нәтижесінде жұмыс орындары құрылды. Бұларға керуен-сарайлар, дүкендер, базарлар, моншалар және ауыл шаруашылық жерлері кірді. Уақыптар ішінде сол кезеңде ең үлкен үлесті ауыл шаруашылық жерлері алды.
Уақыптардың бір бөлігі уәзірлерге, сұлтандарға, шехзадаларға және әулет мүшелеріне тиесілі болды. Көпшілігі әскери топқа қараса, аз ғана бөлігі қарапайым халыққа (реая) тиесілі еді.
Османлыда уақыптар бір жағынан жартылай автономды ұйымдар болды. Евкаф нәзірлігі құрылғанға дейін олар әкімшілік тұрғыдан жеңілдіктерге ие еді. Мемлекеттік қызметкерлердің уақыптарға араласуға құқығы болмады. Алайда бұл уақыптар толықтай тәуелсіз болды дегенді білдірмейді. Уақыптар қазылар (қади) тарапынан бақылауда болды. Егер уақып өз мақсатын асыра пайдаланса немесе мақсатына қызмет етпесе, ол уақыптар жабылатын. Османлыда уақыптардың нақты саны белгісіз болғанымен, олардың саны 35 000-нан асады деп болжанған.
Османлыда уақыптардың сауда, экономикалық, әлеуметтік, саяси, білім беру және мәдени салаларда қоғам өмірінде маңызды қызметтері болды. Уақыптар экономикалық мекеме ретінде әрекет етті: табыс тауып, мүлік иеленді, өндіріс жүргізіп, жұмыс орындарын ашты. Алынған табыстар өз қызмет салаларында пайдаланылды. Сондықтан уақыптардың қоғам үшін маңызды экономикалық функциялары болды. Олар қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтарының бір-бірімен араласуына, ынтымақтасуына да ықпал етті. Сонымен қатар экономикалық қызметтердің едәуір бөлігі уақыптардың бақылауында болды.
Омаров Жандос Думанұлы
Ұлытау өкілдігі бойынша «уақып» бөлімінің маманы