ҚМДБ Ұлытау облыстық өкілдігі мен Ұлытау облыстық ардагерлер кеңесі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа қол қою рәсімі 2026 жылғы 4 ақпанда өтті.
Меморандумның басты мақсаты – отбасы институтын нығайту, некенің қоғамдағы маңызын арттыру, жас отбасылардың тұрақтылығына ықпал ету, ұлттық және рухани құндылықтарды насихаттау.
Келісім аясында тараптар:
• жас жұбайларға отбасы құндылықтарын түсіндіру;
• бала тәрбиесінде үлкенге құрмет, кішіге ізет, отансүйгіштік пен адамгершілік қасиеттерді дәріптеу;
• ардагерлер мен ақсақалдардың тәжірибесін жастарға үлгі ету;
• отбасылық татулықты сақтау, ажырасудың алдын алу бағытында бірлескен іс-шаралар ұйымдастыруды көздеп отыр.
Сондай-ақ ардагерлер кеңесі мен мешіт өкілдері медиаторлар мен билердің қатысуымен түсіндіру, кеңес беру жұмыстарын жүргізіп, қоғамдағы келісім мен бірлікті нығайтуға бірлесе атсалыспақ.
Аталған меморандум Ұлытау өңірінде рухани-адамгершілік тәрбие мен қоғамдық тұрақтылықты арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.

