КЕҢГІР МЕШІТІНЕ ЖАҢА ИМАМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Төрағасының бұйрығымен Кеңгір ауылдық «Әбу Бәкір» мешітіне имам тағайындалды.

Бүгінгі жұма уағызын Ұлытау облысының бас имамы Бейбіт Бақытжанұлы жүргізді. Бас имам “Құрандағы тәрбие негіздері” тақырыбында насихат жүргізіп, уағыз соңында жамағатқа мешіттің бас имамын тағайындады. ҚМДБ Төрағасы, Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Кеңгір ауылдық “Әбу Бәкір” мешітінің имамы болып Әнуарбеков Мейіржан Мақатұлы тағайындалды. Осы уақытқа дейін мешіттің имамдық қызметін абыроймен атқарған Мәди Мұратұлына қазақы дәстүрмен шапан жабылып, алғыс айтылды.

Әнуарбеков Мейіржан Мақатұлы 1993 жылдың 6-мамырында Ұлытау ауданында дүниеге келген.

Білімі:

2000-2011 жылдар аралығында 13-орта мектеп, орта білім;
2011-2016 жылдар аралығында Қарағанды қаласы,Қарағанды Мемлекеттік техникалық университеті, мамандық – пайдалы қазбаларды байыту;
2017-2021 жылдар аралығында Алматы қаласы, «Нұр-Мүбәрәк» Египет Ислам мәдениеті университеті, мамандық – исламтанушы.

Қызметі:

2021-2024 жылда аралығында Ұлытау облыстық «Ахмет ишан Оразайұлы» мешітінің наиб имамы қызметін атқарған.