Қаймана қазақ ықылым заманнан ұрпақ тәрбиесіне қатты көңіл бөлген. Бала кезімізде атамыз “Кімнің құлысың?”, “Кімнің үмметісің?”, “Қашаннан мұсылмансың?” деген сұрақтардың жауабын жатар алдын әр түнде айтқызатын. Сол кезден-ақ бала жүрегінде “Алланың құлымын!”, “Мұхаммедтің үмметімін!”, “Әл-мисақтан мұсылманмын!” деген ұстанымдар сақталып қалған. Бабамыз бала жүрегіне тек қана дінді ғана емес, сол дінмен астасып кеткен дәстүрдің озығын да сіңіре білген. Содан болса керек, имамды көрген халық дәстүрге байланысты сұрақтарын да қойып жататыны бар.
Шынымен де, “дәстүрдің озығы бар, тозығы бар”. Кейінгі ұрпаққа алдыңғы көш сол озығы болған дәстүрді жеткізуге тырысты. Ислам діні қазақ жеріне аяқ басқаннан бастап-ақ шариғатқа қайшы келетін ғұрыпты мансұқтап, шариғатпен үндесетін салтын одан әрі жаңғырта түскен. Бізге жеткен әр мұраның түп төркініне бойласаңыз, Ислам ақиқатын ғана көресіз!
Алысқа бармай-ақ “қазақ” сөзімен қатар жүретін “қонақжай” сөзіне үңіліп көріңіз! Пайғамбар өз сөзінде: “Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, қонағына құрмет көрсетсін” десе, қазақ атамыз: “Қонақ келсе, құт келер” деген. Пайғамбар өз сөзінде: “Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, көршісін құрмет тұтсын” десе, біздің бабамыз: “Көрші ақысы – Тәңір ақысы” деген. Пайғамбар өз сөзінде: “Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін” десе, бабамыз: “Жақсы сөз – жарым ырыс” деген.
Осы бір ғана хадис пен қазақы мақалдардың байланысын қарап-ақ, қазақ баласын Исламнан бөлектеп шығарып алу – ағаттық. Халық аузындағы сөз соның айғағы: “Дін мен дәстүр – егіз ұғым”.
Сәтбаев қалалық «Балмағамбет Балқыбайұлы» мешітінің ұстазы
Ораз Бауыржан Амангелдіұлы