Ең әуелі әлемдердің Жаратушысы болған Құдай Тағалаға мақтау, әлемге нұр болып жіберілген ардақты Елшімізге (саллаллаһу ғаләйһи уә сәллам) салауат болсын!
Бұқар бабамыздың “Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық” – деп айтуы бекер емес. Адамның денсаулығы сыр берсе, қылатын құлшылығы мен барша амалына нұқсан болары айтпаса да белгілі жағдай. Ал екінші байлыққа ақ жаулықты қоюындағы себеп: жаулық – қазақ әйелінің қорғанының символы болғандығы себепті. Өтебойдақ Тілеуқабылұлының сөзімен айтсақ, “Киім пірі – кимешек”.
Жалпы, кең етек киіп, орамал жабыну Ислам дінінің келуімен тек қуатталды десек дұрыс болар. Себебі бұл үрдіс оған дейін де болғандығын тарих өзі көрсетіп отыр. Еврейдің де, христианның да діни жазбаларын қарасаңыз әйел адамның орамал тағуына үндейтін көптеген сілтеме көресіз. Күнделікті теледидардан көріп жүрген корей, жапон елдерінің көне мәдениеттерінде де әйел адамның барынша кең киініп, басын жапқандығына куә боласыз. Алысқа бармай көрші орыс елін алсаңыз да, ұлттық киімінің дәл сол сипатқа сай келетінін аңғару қиын емес. Сол себепті, әйел адамның әуретін жауып, орамал-жаулық тағуын тек арабтану үрдісіне телу – объективті түрде өрескел қате пікір.
Басқа басқа, Құдайдың парыз қылғанын мансұқтау – мұсылмандықтан, одан әрі адамдықтан тыс. Ал сол үкімге барынша сай келетіні – не қазақы “кимешек”, не “хиджаб” (асылында, бұл да кимешектің сипатынан әрі емес). Жаһандану дәуірінде батысқа еліктеймін деп қазақылықтан аттап кету – атымызға сын. Жол біреу: не ұлттық идеологияны жолға қойып, “кимешекке” көшу, не соған сай келетін “хиджабпен” күресуді доғару. Себебі, тек қана киіммен адамның қай жолда екендігін анықтау – қатер.
«Балмағамбет Балқыбайұлы» мешітінің ұстазы
Бауыржан Амангелдіұлы