ХАДИС – ҒЫЛЫМ БҰЛАҒЫ

Ислам діні – адамзаттың барлық қырларын қамтитын толыққанды өмір сүру салты. Асыл дінімізді түсіну мен дұрыс ұстануда Құран мен хадистердің алатын орны ерекше. Құран – Алланың тікелей сөзі болса, хадис – ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөзі, ісі мен құптауы. Хадистер күнделікті өмірде дұрыс жолды нұсқаушы ғана емес, сонымен қатар адамгершілік қасиеттерге тәрбиелейтін ғылымның бұлағы болып саналады.

Хадистер Ислам шариғатының Құраннан кейінгі екінші қайнар көзі болып табылады. Егер Құран жалпы заңдылықтарды белгілесе, хадистер оларды толықтырып, өмірлік мысалдармен түсіндіреді. Ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрбір сөзі, ісі мен келісімі – мұсылман үмбетіне үлгі, ал хадистер арқылы олар сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп келеді.

Хадистер тек діни тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар адамзаттың мәдени, әлеуметтік салаларын да қамтиды. Хадистерде адалдық, әділдік, сабырлылық, кешірімділік, еңбекқорлық секілді адамгершілік қасиеттер дәріптеліп, сондай-ақ, күнделікті өмір сүру әдебіне қатысты ережелер нақты айтылған.

Хадис ілімі – мұсылман қауымына рухани тәрбие беру мен оларды дұрыс өмір сүруге бағыттау үшін ғылымның таптырмас қайнар көзіне айналған. Хадис ілімі – хадистердің шынайылығын зерттеумен, оның жеткізушілерін тексерумен айналысады.

Ислам тарихында хадистерді жинап, жеткізген әрі зерттеген көптеген ғалымдар бар. Олардың еңбектері бүгінгі күнге дейін мұсылман үмбеті үшін құнды дереккөз болып келеді.

Хадистердің ғылыми және діни маңыздылығымен қатар, олардың тәрбиелік рөлі зор. Әрбір хадис рухани құндылықтарды дәріптеп, өмірлік дұрыс бағыт-бағдар береді. Адамдардың жүрегіне ізгілік пен мейірімділік егетін хадистердің мән-мағынасы ешқашан өшпейді. Мысалы, адалдық, әділдік, сабырлылық, адамдармен қарым-қатынастағы әдептілік секілді құндылықтар хадистер арқылы адамзат өміріне бағыт береді.

Хадистер – исламның іргетасы әрі маңызды білім көзі. Хадис ілімі арқылы ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін дұрыс түсініп, одан өмірлік бағыт алуға болады. Хадистер адамгершілік құндылықтарды дәріптеп, қоғамның рухани дамуына жол ашады. Сондықтан хадисті – ғылымның, білімнің, әрі тәрбие мен рухани кемелденудің сарқылмас бұлағы деп айтуға болады.

Жезді мешітінің имамы

Жакупбеков Медет Серікұлы