Қай уақытта да елдің тыныштығы, бейбітшілігі бірінші орында болған. Ал ел тыныш болуы үшін ең алдымен қоғам бір жүйеге келтірілуі керек. Әр нәсілді, мінез-құлқы әртүрлі, сана-сезімі мүлде бөлек адамзат өмір сүретін жер бетінде қоғамның бір сарында, тек жақсылықтар болуы екіталай. Сондықтан мейірімді Алла Тағала жер бетіне өзінің елшілерін жөнелтіп, адамзатқа ескерту жасап, қоғамды түзетуге мүмкіндік беріп отырған. Бұл туралы Құран кәрімде, «Ағраф» сүресінің 56-аятында: «Алла пайғамбарларын жіберу арқылы жер бетін түзеп жөнге келтіргеннен кейін онда бүлік шығарып, бұзғыншылық жасамаңдар…» – деп баяндайды. Бұл аяттан пайғамбарларымыз және олар әкелген жол – қоғамда ізгілік орнатудың басты алғышарттары екенін пайымдауымызға болады. Ізгі қоғам құрудың әліппесі – Аллаға иманнан басталады. Содан соң жамандықтан тыйылып, жақсылық жасап және сонымен қатар жақсылыққа өзгелерді де шақыру – әр пенденің міндеті. Өйткені, өзің жақсы болумен қатар, өзгені де ізгі іске тарту, ескерту – басты құндылық.
Жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыру үшін адамға ең алдымен білім керек. Адамзаттың басқа жаратылыстардан айырмашылығы – ақыл-есінің кемелдігі, таңдау еркінің болуы. Сол ақыл-есін білім алумен, пайдалы істерге жұмсаса адам періштелерден де артық болады. Ал, нәпсісіне жол беріп, надандық жолын таңдаса айуаннан да дәрежесінің төмен болғаны. Сондықтан, білім алу, іздену – адамның ең жақсы құндылығының бірі. Құранның пайғамбарымызға ең алғаш түскен аяты да «Оқы!» деп келеді. Білімді адам әр істің көзін біледі, ондай адамның сөзі де өтімді болмақ. Білімді адам ғана көш басқарып, ел тізгінін ұстай алады. Иманы берік, білімі терең адам ғана ізгі қоғам құра алады. Басты білім көзін құраннан іздесек ешқашан қателеспейміз. Ұлы Абай атамыз « Сөз түзелді, тыңдаушы сенде түзел!» деген өз шығармашылығының нәрін құран мен хадистен ала отырып. Сол Құранннан алған білімді өз бойымызға сіңіре жүріп, өзгелерге де соны насихаттауды үзбей жүрсек – қоғам да, адам да түзелері хақ.
Советов Талғат
Қаражал қалалық мешітінің бас имамы