Құран кəрім мұсылмандардың айыбын жария етпеу керек екенін мына аятта білдіреді: «Шынымен де мүминдердің ішінде арсыздық жайылуын жақсы көргендерге дүние мен ақыретте күйзелтуші азап бар. Алла біледі, сендер білмейсіңдер» («Нұр» сүресі, 19-аят).
Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) да: «Кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, қиямет күні Алла да оның айыбын жасырады», – деген.
Асыл дініміз адамды айыптауға немесе жазалауға асықпайды. Керісінше, жасыруға, кешіруге үндейді. Алайда Алла Тағала қасиетті Құранда: «Анығында, иманға келгендер жайлы жиіркенішті нәрсенің таралуын жақсы көретіндерге осы өмірде және соңғы, мәңгілік өмірде (Ақыретте) күйзелтуші азап бар…» – деп ескертеді. Ардақты Пайғамбарымыз да (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) өзінің өсиеттерінде мұсылман адамның бауырына қиянат жасамайтынын, өтірік айтып алдамайтынын жəне масқараламайтынын айтып, мұсылманның ар-намысы, мал-дүниесі жəне қаны мұсылман үшін харам екенін ескерткен. Сондай-ақ, адамның мұсылман бауырын қорлауы жамандық ретінде жетіп артылатынын айтқан. Шындығында, бір дененің мүшелері секілді болған мүміндер бауырларын айыптап, масқаралаған кезде, негізі өздерін айыптағандай болады…
Әрине, айыптарды жасыру – күнәні ақтау немесе оған жол беру емес. Сондықтан ғалымдарымыз: «Егер күнә адам құқығына қол сұқса, сондай-ақ көпшілікке қатысты, қоғамдағы адамгершілік нормаларына қатысты болса, оны міндетті түрде түзетуге тырысу қажет; тіпті қажет болса, жарыққа шығарып жазалау керек» деген. Өйткені, кейбір күнәні жасыру одан үлкен зұлымдықтарға жол ашуы мүмкін.
Асыл дінімізде айыпты айтудың өзіндік әдептері бар. Оның ең бастысы – сол адамға жеке айту, жылы сөзбен көңілін аялай отырып, хал-жағдайын ескере отырып айту.
Айыптарды жасыру – адамның абыройын сақтау, адамдық қасиетін құрметтеу болғандықтан, мұсылмандық әдеп бойынша қайтыс болған адамның да айыбын жасыру қажет. Жалпы атадінімізде өмірден озған адамның артынан жаман сөз айтуға тыйым салынғаны белгілі. Бұл тыйымның басы мәйітті жуу кезінде басталады. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына хадисінде бұл істің маңыздылығы жайлы баяндалады: «Кімде-кім бір мәйітті жуса және көрген кемшіліктерін жария етпесе, ол кісі күнәларынан анасынан жаңа туғандай тазарады»
Айыптарды жасыру – «жаңылмайтын жақтың, сүрінбейтін тұяқтың болмайтынын» түсіну; өзіңнің де пенде екеніңді мойындау. Айыптарды жасыру – «бірін-бірі өкпеге қиса да, өлімге қимайтын» бауырмалдықтың көрінісі. Сондықтан бауырыңның жазалауды қажет етпейтін әрі құл хақысына қатысы жоқ кемшіліктерін жасыру – әрі иман талабы, әрі парасаттылық.