«САРЫМОЛДА» АТАНҒАН БАЛМАҒАМБЕТ БАЛҚЫБАЙҰЛЫ

Жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару – әр мұсылманға бір парыз десек, бұл міндетті алдыңғы көш парасаттылықпен атқарып шықты. Тарих куә, қай салада болмасын Алланың разылығы мен адамгершілікті көздегені көрініп-ақ тұрады. Соның бір көрінісі – ақын-жыраулардың елді тәрбиеге салар жыр-шумағы. Дін мен дәстүрді егіз ұғым көріп, тікелей аят-хадиспен насихаттамаса да, сол аят-хадистің негізгі мақсатын сайма-сай жеткізе білген. Кезіндегі арғысы Қаблиса, Бұқарлардар бастап, бергісі Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіптерге дейін сол қасиетті ұстаныммен ғұмыр кешкен. Бұл шайырлар қатарында тұратын бірден-бір адам болса, ол – “Сармолда” атанған Балмағамбет Балқыбайұлы.

Балмағамбет Балқыбайұлы сопылық жолдың сара жолын жалғастыра білген қайраткер екені даусыз. Еңбектерінің халық арасында таралмау себебін зерттеушілер кешегі Кеңестік заманның саясатымен байланыстырады. Десек те, тәуелсіз заманда қайта жанданғанының өзі – бір жеңіс. Өлеңдерін мұқият саралап шықсаңыз, айтпағы – Аллаға “таза жүрекпен” қауышу, “таза жүрек жолы – зікір” деп пайымдаған.

Осылайша өз нәпсіңе насихат қыл,

Күмәнсіз басқа түсер ақиқат бұл.

Көз бұлап, көңіл хақтан жылап тұрсын

Басқаға хақ зікірінен бармасын тіл.

Аллаға күндіз-түні зікір етсең,

Айтылған тәубадағы шартқа жетсең.

Жетерсің мақсұтыңа махшар күні

Дүниеден сол әдетпен өтіп кетсең.