Мәуліт айының құрметіне және Халықаралық қарттар күніне орай С.Ошақұлы атындағы мешіттің бас имамы Сағындық Мұхиденұлы бастаған қажылар, еріктілер тобы Жезқазғандағы қарттар үйіне атбасын бұрып, мұқтаж жандарды қуантып қайтты.
– Мәуліт айында мұсылмандар Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірі мен адамдарға жасаған өнегелі іс-әрекеттері туралы әңгімелеп, өсиеттерін еске алады. Мәуліт мерекесінің астарында Алла Елшісінің қайырымдылығы мен мейірімділігін, даналығын насихаттау арқылы адамдарды ізгілікке баулу мақсаты жатыр. Бұл шараға жақсылық пен ізгілікке бей-жай қарамайтын адамдардың барлығы атсалысты. Пайғамбарымыз мұқтаж жандарға көмектесіп, көңілін аулағанды, өзге адамдарды қуантып, жақсылық тілегенді жақсы көрген. Осы Пайғамбарымыздың ізімен біз де қарияларға мәдени әрі рухани күш берсек деп келдік, – деген Сағындық Мұхиденұлы өнегелі насихат айтып, құран бағыштады.
Қарттар үйінің мәжіліс залында концерттік бағдарлама ұсынып, ән салып, билеп ата-әжелердің көңілін көтерген еріктілер сыйлық үлестіруді де ұмытпады. Оған қоса, үй ішіне киетін жылы аяқ киімдер тарту етті.
– Өзгеге сыйлық беру Пайғамбарымыздың сүннеті. Екі адамның арасындағы сыйластықты арттырады. Сыйлық ол – ілтипат. Бір адамның екінші адамға деген шынайы ықылас көпірі. Қатқан жүректі жібітіп, жұмсартатын ерекше қасиеті бар. Қайнаған ашу-ызаны сейілтіп сүйіспеншілік сезімін оятатын ерекше күшке ие. «Ат құйрығын шорт кесісіп» байланысы үзілген талай ағайындардың, бауырлардың арасын қосқан да осы сыйластық, бірінші болып сый тарту, – дейді қажылар.
Сыйлық алу əркімнің-ақ ұнататын ісі. Сыйлық алған қарттардың да жаны жадырап, іштей бір марқайып қалғаны анық. Олар әрдайым ыстық ықылас танытып, жүйелі түрде қайырымдылық жасайтын азаматтарға алғыс білдірді.