Өмірлік жар таңдау – өте маңызды мәселенің бірі. Осы дүние нығметінің ең қайырлысы – жақсы жар. Шариғатымыз өмірлік жар таңдауда қыздың төмендегі сипаттарына ерекше мән беруге шақырады.
Имандылығы. Ең алдымен қыз иманды болуы керек. Өйткені иман адамды харам, дінге қайшы болатын нәрселерден сақтайды. Иманды әйел Алланың қаһарын тудыратын амалдардан аулақ болып, әрдайым күйеуінің разылығын ойлайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге жар таңдауда нені ескеру керектігін баяндап, былай дейді: «Әйелге төрт нәрсесіне қарап үйленеді: мал-дүниесі, тектілігі, әдемілігі және имандылығы. Сен діндарын таңда, сонда бақыт табасың». Басқа хадисте: «Әйелдерге тек әдемілігіне қарап үйленбеңдер. Әдемілігі тәрбиесіздікке апарып соғуы мүмкін. Тек байлықтарына қарап та үйленбеңдер. Өйткені байлығы шектен шығуына себеп болуы мүмкін. Әйелдерге имандылығына қарап үйленіңдер. Өйткені иманды күң болса да артық», – деген. Сұлулық та, байлық та өткінші. Алайда иманы онымен бірге болады. Әйел діндарлығымен қатар сұлу әрі тәрбиелі, бай отбасынан шықса, нұр үстіне нұр.
2. Мінез-құлқы. Өмірлік жар таңдаудағы екінші мән беретін нәрсе – қыздың көркем мінез иесі болуы. Бұл негіз біріншісімен тығыз байланысты. Өйткені діндар, иманды әйел көркем мінезді болатыны сөзсіз. Өйткені діні оны жаман сөз сөйлеуден, барлық жаман мінезден тосады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүминнің Аллаға тақуалық қылуынан кейінгі ең үлкен тапқан пайдасы – ізгі, салиқалы жұбайы. Егер ері оған бұйырса – мойынсұнады, қараса – қуантады, ол үшін ант етсе – антын орындайды, егер ері сыртта болса, өзінің жаны (ар-ожданын) мен оның малын сақтайды», – деген.
Лұқман хәкім баласына айтқан өсиетінде: «Уа, балам! Жаман әйелден сақтан, ол сені қартаймай тұрып қартайтады. Балам, әйелдердің жамандығынан Алладан пана тіле! Алладан олардың ең жақсысын сұра және салиқалы, жақсысына қол жеткізуге әрекет ет! Сонда өмірлік бақытқа жетесің», – деген.
3. Пәктігі. Өмірлік жар таңдаудағы үшінші мән беретін нәрсе – есік көрмеген пәк қызды таңдау. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл жайында: «Есік көрмеген қызды алыңдар. Өйткені олардың тілі тәтті, құрсағы берекелі және аз нәрсеге разы болады», – деген болатын.
4. Көп құрсақ көтеретіні. Өмірлік жар таңдаудағы кейінгі мән беретін нәрсе – көп құрсақ көтеретін әйелді таңдау. Әнас ибн Мәлік (Алла одан
разы болсын) Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бойдақ жүруден тыйып, үйленуге бұйырып, былай дейтін: «Сүйкімді әрі көп бала туатын әйелге үйленіңдер! Қиямет күні пайғамбарларға сендердің көптіктеріңмен мақтанайын».
Теңдік. Өмірлік жар таңдаудағы кейінгі мән беретін нәрсе отбасы құрайын деп жатқан ер мен әйелдің табиғаты, әлеуметтік жағдайларының бір-біріне жақын болуы. Яғни некелесіп жатқан ер мен әйел діні, білімі, әлеуметтік жағдайы т.б. жағынан терезесі тең болуы керек. Өйткені ол екеуінің сипаты бір-біріне ұқсаған сайын отбасылық өмірінде береке, бірлік, татулық орнап, бір-біріне деген қарым-қатынасы артып, ізін жалғастырып жатқан ұрпақтарына үлгі болады. Сондай-ақ жарды алыстан, яғни басқа елден, рудан таңдаған дұрыс. Бұл баланың денсаулығының мықты әрі сымбатты болып тууына себеп болады.
Медет ҚҰРСАҚОВ
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы
«Иман» журналы, №1, 2024 жыл