АЛЛА ТАҒАЛА ҚҰРАНДА НЕГЕ «БІЗ ТҮСІРДІК», «БІЗ ЖАРАТТЫҚ» ДЕП КЕЛТІРГЕН?

Құран араб тілінде түскен. Ол туралы Алла Тағала Құранда былай дейді:

بِلِسَانٍ عَرَبِيٍّ مُبِينٍ

«Ап-анық араб тілінде»[1].

Араб тілінің тәсілдерінің бірі егер бір адам өзін ұлықтауды білдіруді қаласа «мен істедім» деген сөзді қолданбай, «біз істедік» деп көпше түрде келтіреді. «әл-Муғжәм әл-уәсит» атты кітапта: «Біз – деген сөз екі немесе көпше түрде қолданылады. Кейде бір адамды ұлықтау мақсатында да пайдаланылады»[2], – деп келген.   

Сондықтан Құранда келген:

إِنَّا نَحْنُ نَزَّلْنَا الذِّكْرَ وَإِنَّا لَهُ لَحَافِظُونَ

«Ақиқатында Зікірді (Құранды) Біз түсірдік әрі Біз оны (өзгерту, бұрмалаудан) сөзсіз, сақтаушымыз»[3],

يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُم مِّن ذَكَرٍ وَأُنثَىٰ وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا ۚ

«Уа, адамдар! Асылында, Біз сендерді ер мен әйелдег жараттық та, бір-бірлеріңді тануларың үшін сендерді халықтар, тайпалар етіп жасадық»[4], – деген аяттардағы «Біз түсірдік», «Біз жараттық» деген сөздер Алла Тағаланың жалғыз екендігіне ешқандай қайшы емес. Бұл араб тіліндегі ұлықтау мақсатында қолданылған тәсілдерінің бірі.

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

[1] «Шуғара» сүресі, 195-аят.

[2] «әл-Муғжәм әл-уәсит», 907.

[3] «Хижр» сүресі, 9-аят.

[4] «Хужурат» сүресі, 13-аят.