Ұлытау облысы, Жезқазған қаласында әйел-қыздар секторы бойынша «Үздік ұстаз – 2026» байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті. Тағылымды шараға қатысқан ұстаздар өздерінің білім-білігін, шешендік қабілетін және рухани дайындықтарын жан-жақты көрсетті.
Байқау барысында қатысушылар бірнеше кезең бойынша сынға түсті. Атап айтқанда, ұстаздар өздерін таныстырып, уағыз айту шеберлігін паш етті, діни сауалдарға жауап беріп, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр төңірегіндегі білімдерін ортаға салды. Сонымен қатар, тарихтағы аналардың рөлі мен тәрбиелік тағылымы тақырыптарында да мазмұнды ойлар айтылды.
Аталған байқау ұстаздардың өзара тәжірибе алмасуына, рухани дамуына және шәкірт тәрбиесіндегі еңбегін насихаттауға зор мүмкіндік берді. Осындай игі бастамалар қоғамдағы ұстаз мәртебесін арттырып, ұлттық әрі рухани құндылықтарды дәріптеуге өз үлесін қоспақ.


