Маусым айының 11 күні Ұлытау облысы бойынша өкілдігіне қарайтын қалалар мен аудандардың имамдарына арналған семинар болып өтті.
Аталмыш семинарда ҚМДБ-ның уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Берденұлы Мансұров имамдардың халықтың алдына шығып, уағыз-насихатын жүргізуі, әрбір жүріс-тұрысы, сөз сөйлеу мәнері, өзін-өзі ұстауы жайлы түсіндіріп, имамның тыңдармандарын өзіне қарата білуі үлкен дайындықты қажет ететіндігін атап көрсетті.
Имамдардың көркем уағыз айту және шешендік қабілетін арттыру мақсатында өткен семинарда имамдарымыздың уағыз насихат айту барысындағы мәдениеті мен жұмыс сапасын арттыруы жайлы мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, уағызшылардың дұрыс бағытта уағыз айтуының маңыздылығын жеткізді.
Семинар барысында қазіргі таңдағы дін мәселелеріне орай актуалды тақырыптар талқыланып, имамдардың халық алдында өзін-өзі ұстауы, дұрыс сөйлеуі, ойдың шашыраңқы болмауы, сөздің анық шығуы, уағызды дұрыс жеткізе алуы секілді біршама мәселелер қозғалып, қажеттілігі айқындалды. Игілігі мол іс шарадан имамдарымыз білімін шыңдап қайтты.