ПАРАҚОРЛЫҚ – ҮЛКЕН ҚОРЛЫҚ

Пара – мансап иесін параға жығу мақсатында берілетін мүлік. Ол пара мансап иесін өз тарапына тарту немесе пара беруші өз мақсатына жету үшін беріледі. Зұлымдық ету мақсатында пара беру – ауыр қылмыс күнә. Сонымен қатар түрлі істі бітіру мақсатында пара беруге де болмайды. Бірде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Абдулла ибн Рабаханы (Алла оған разы болсын) яһудилерге жібереді. Олар құрма бақтың салығын төлеуі тиіс еді. Сонда яһудилер Абдулланы параға жыққысы келіп, оған түрлі сыйлық ұсынады. Олардың бұл ісіне: “Сендердің параларың заңсыз. Сондықтан біз оны қабыл етпейміз”, – деп жауап береді. Алла Тағала мұсылмандарды пара беру мен пара алудан, сондай-ақ олардың арасында дәнекерлік етуден де  тыйған. Алла Тағала: “Бір-біріңнің мал-мүлкін харам жолдармен жемеңдер. Сондай-ақ оларды өздеріңе тиесілі болмаған дүниені алу һәм ел-жұрттың дүниесінің бір парасын біліп тұрып күнәлі жолдармен жеу үшін (пара ретінде) басшыларға беруші болмандар”,- деп бұйырды (“Бақара” сүресі 188-аят). Жемқорлыққа алып баратын пара тіленушілік қоғамды бұзады. Пара жүрген жерде әділетсіздік әділ орнына қабылданып, тыйым салынған нәрсеге рұқсат етіледі және әділетсіз шешім қабылданады. Залымдар істі өз пайдасына шешу мүмкіндігіне қол жеткізеді. Пара жүрген жерде жауапкершілік болмайды. Ислам параның қандай түріне болмасын тыйым салады. Тіпті сыйлық ретінде берілген параның өзі – харам. Мемлекетке алып келетін зардабы мемлекетте жемқорлықтың бел алуы көлеңкелі экономиканың пайда болып, экономикалық өсу қарқынының тежелуіне және әлеуметтік, саяси шиеліністердің күрт асқындыруына ұрындырады. Ислам дінінде басшылық  – жауапкершілігі мол, ауыр жүк. Ел басқаратын, көпшіліктің мұң-мұқтажын арқалаған адам өз жауапкершілігін сезініп, әділеттіліктен таймаған жағдайда ғана ақыретте зор құрметке бөленіп, нұрдан жасалған мінберде отыратындығы айтылған. Ал керісінше жағдайда хадисте ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Мұсылмандар ісін басқаратын кез келген билеуші халықтың игілігі үшін бар күшін салып еңбек етпесе, оларға жанын ашытпаса, онда әлгі билеуші халқымен бірге жұмаққа кірмейді”, – деп айтқан. Ислам діні – үлкенді не кішілі сыбайлас жемқорлық пен пара берудің қандай да бір түріне Құран мен сүннет дәйектеріне сай қатаң тыйым салып, тіпті, ауыр күнәлар санатына жатқызады. Алла ризалығын ойлап, елге адал қызмет еткен жанның үйінде береке болары сөзсіз. “Арамнан алған түйеден, адалдан алған ешкі артық” демекші халқымыз қашан да жаманнан жирендірген. Сол үшін бабаларымыз “Аз болса да, берекесін берсін” деп айтқан. Сондықтан да Алла Тағала бізді соңы қорлыққа апаратын пара алудан және де пара беруден, оған дәнекер болудан аулақ етсін!

Жәйрем мешітінің наиб имамы

Жайлаубаев Азамат Ахметұлы