СҮННЕТ – САЛТЫМЫЗ

Сүннет дегеніміз – Пайғамбарымыздың (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) дінді адамзатқа жеткізу жолында үнемі жасаған ізгі амалдары. Ғалымдарымыз айтқандай сүннетте келісілген амалдар адам өміріне пайдалы, екі дүниеде де қайырлы істер болады. Ал, сүннетке қайшы істер – адамзат үшін зиян, бұзық істер. Осыны дана қазақ халқымыз ежелден түсініп, сүннет амалдарды салт-санамызға енгізген.

«Малым жанымның садағасы, Жаным – арымның садағасы» деп нақыл айтқан қазақ халқы үшін ар-ұяттың орны әрқашан жоғары болған. «Адам болам десең арыңды ақшаға сатпа» деп ар сақтаудың ұлт үшін маңызын бірнеше мақал-нақыл сөздермен шегелеп кеткен. Бұл нақыл сөздер қасиетті Құран кәрімнің «Әнғам» сүресінің 151-аятындағы: «Арсыздықтың жариясына да, жасырынына да жақындамаңдар», – деген бұйрығына негізделіп шыққан түсініктер екені белгілі.

Бұл қасиетпен қоса қазақты қазақ етіп тұрған, басқа елден ерекше етіп көрсететін қасиеттің бірі – қонақжайлылық та қазақ халқының қанына діннен, сүннеттен сіңген амал деп айтуға толықтай негіз бар. Адамзаттың асылы, Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм)  «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін» – деген. Осы хадиске ата-бабамыз ежелден амал етіп, қонақ келгенде қорасындағы жалғыз малын сойып, ас берген. Жақсылықтың, сауап амалдың басы болған бұл сүннет салтымызға айналып, күні бүгінге дейін жеткен.

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде туған-туыстың орны үл-кен. Туған-туыспен тату болу, алыс-берістің үнемі жалғасуы, қарым-қатынастың жақсы болуы – иісі қазақ үшін маңызы зор дүние. Асыл дінімізде де  туысқандық қарым-қатынасты сақтауға қатаң бұйырылған. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) бір хадисінде былай делінеді:  «Кім ризық-несібесінің көбеуің және ғұмырының ұзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қарым-қатнасын күшейтіп, оған қарайлассын». Осы мағыналас тағы бір хадисте: «Кім Жәннаттың ортасын қаласа жамағатта болсын» деген. Біздің қазақ халқы өмір бойы ағайындарымен тығыз байланыста болып, жақсы-жаман күндерде әрдайым қасынан табылған. «Бөлінгенді бөрі жейді» деп, ауыл-аймақпен бірге өмір сүріп, әрқашан тұрмыс-тіршілігіне қарайласып, жетім-жесірін жылатпаған. Осы көріністерден-ақ халқымыздың сүннетті қанына сіңіріп, салт-санамызға сіңдіре білгенін аңғаруға болады.

Бұл тақырыпты тілге тиек етер болсақ бір жазбаға сыймайтыны хақ. Сауабы көп сүннетті өз өміріне қалыптастыра білген халқымыз даналықтың шыңырау шегін бір кісідей көрсете білген. Бұл жазбада ең негізгі деген алғышарттарын жазып өтуді жөн көрдім. Алла Тағала бізді және біздің ұрпақтарымызды сүннет жолынан тайдырмасын!   

                                               Қаражал қалалық мешітінің бас имамы

Советов Талғат