ЕР АДАМ – ОТБАСЫ БАҚТАШЫСЫ

Ер адамның отбасымен көркем мәміледе болуының көрінісі олармен жақсы қарым-қатынас құруымен ғана шектелмейді. Себебі, ол өзінің отбасын асырауы үшін жұмыс істеу, дүние тіршілігінен бөлек отбасы мүшелеріне де арнайы уақыт бөлуі қажет. Ол уақытта отбасы мүшелерін серуендету, ойнату, қыдырту сияқты істермен айналысу да ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннет амалдары болып табылады. 
«Ер кiсi отбасының бақташысы. Сондықтан да ол – баққанына жауапты», – деген (имам Бұхари, Мүслим).  
Алла елшісінің өзі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайларымен ең көркем мәміле жасаған болатын. Ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлгі еткен мүминдер де өзінің жұбайымен жақсы қарым-қатынаста болып, оның алдындағы міндеттерін дұрыс орындай білуі керек.
Шариғат бойынша ер азамат жұбайы мен балаларын тиісті нәпақамен қамтамасыз етуге міндетті. Тіпті жұбайымен ажырасып кетсе де, белгілі бір жасқа жеткенше әкесі баланың нәпақасын береді.
Міндетті нәпақаға мына істер жатады:  
1.Ас-су, азық-түлікпен қамтамасыз ету;
2.Киім-кешекпен қамтамасыз ету;
3.Үй-жайдың қандай болуы күйеуінің қаржы жағдайына байланысты.
Ер адам жұмысқа жарамды болса, жұмыс істеп баласын асырауы міндетті, яғни әкесі оларды нәпақамен қамтамасыз етуі тиіс. Баланың әкесі болмаса немесе әкесі жұмысқа жарамсыз болса, онда баланы асырау әкесінің орнын басатын туыстардың біріне жүктеледі.Ер адам отбасына қамқор болып, жұбайымен көркем мәміле жасап, дөрекі болмай, жарының кемшіліктеріне сабыр етіп, оны даналықпен тәрбиелеуі тиіс.
Ажырасқан әйелдеріңді мүмкіндіктеріңе қарай өздерің тұратын жайға тұрғызыңдар және оларға қысым көрсетіп, зиян келтірмеңдер. Ал егер жүкті әйелдер болса, оларға босанғанша нәпақа беріңдер. Егер босанғаннан кейін балаларыңды сендер үшін емізетін болса, сүт ақыларын төлеңдер. Ақы мәселесін өзара дін және өздерің өмір сүретін қоғамның шарттарына сай жақсылап келісіп алыңдар. Ал егер біріңе-бірің қиындық туғызып, өзара келісе алмасаңдар, ондай жағдайда баланы әкесінің есебінен емізетін басқа әйел қарастыруға болады.
Дінімізде ер адамның отбасы үшін жұмсаған қаражатының барлығы садақа деп танылады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла жолына динар жұмсасаң, құл (азат) етуге динар жұмсасаң, кедейге садақа ретінде динар жұмсасаң және жанұяңның керегіне динар жұмсасаң, осылардың ішіндегі сауабы ең үлкені – жанұяң үшін жұмсаған динарың», – деген.

Жаңаарқа аудандық мешітінің баспасөз қызметі