ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА МӘУЛІТ КЕШІ ӨТТІ

ҚМДБ Ұлытау облыстық өкілдігінің бастамасымен «Халықтар достығы және мәдениет үйінде» «Ғаламның рақым нұры» атты рухани кеш ұйымдастырылды.

Кеш Алланың кәламы Қасиетті Құранмен, Алла Елшісіне арнап айтылған салауатпен басталды. Ұлытау облысының бас имамы Жансарин Бейбіт Бақытжанұлы құттықтау сөз сөйледі. «Алланың Елшісіне деген махаббат болса ғана Аллаға деген махаббатымыз шынайы болады. Бұл ретте Пайғамбардың өнегесін қастер тұту, сүннетін қалтқысыз ұстану – мұсылманның міндеті», – дей келе, барша жиналған жамағатқа алғыс білдірді. Сәтбаев қалалық «Сәдуақас Ошақұлы» мешітінің бас имамы Сағындық Мұхиденұлы мен Жезқазған медресесінің шәкірттері мәуліт жырын оқып, Пайғамбардың өмірінен үзік сырлар айтты. Мерекенің мазмұнын байытып, мәнін аша түскен Жұмаділда Елдос ұстаздың жан тебіретер насихаты болды. Заманның талабына сай жасалған Kahoot желісі арқылы жиналған жамағат арасында білім сайысы ұйымдастырылып, үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздарға сыйлықтар берілді. Кеш соңында жиналған жұртшылық арасынан қасиетті мекендерге ұмра жолдамасы ойнатылып, жеңімпазы анықталды. Мәдени-рухани кешке қатысқан әлеумет ұйымдастырушы ұстаздарға алғыс білдіріп тарқасты.