Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен республика көлемінде ұйымдастырылған «Имани жаз – 2026» жазғы сауат ашу курсы Ұлытау облысына қарасты барлық мешіттерде де жоғары деңгейде өтті.

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл рухани-танымдық курс 10–15 жас аралығындағы балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға, діни сауатын арттыруға және ұлттық әрі рухани құндылықтарды бойына сіңіруге бағытталған.

Курс барысында шәкірттерге Құран әліппесі, күнделікті дұғалар, ислам әдебі мен көркем мінез қағидалары үйретілді. Сонымен қатар ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, отансүйгіштік, адамгершілік пен ізгілік құндылықтарын насихаттайтын тағылымды дәрістер өткізілді.

Курс соңында Ұлытау облысындағы мешіттерде білім алған шәкірттерге арнайы марапаттау рәсімі ұйымдастырылып, оларға алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ балаларға сый-сияпаттар мен тәттілер үлестіріліп, жазғы діни сауат ашу курсын сәтті аяқтағандарына ізгі тілектер айтылды.