ИХСАН – ТАҚУАЛЫҚҚА ЖОЛ

«Ихсан» – мұсылман баласын әр істе, әр құлшылықта шынайы болуға тәрбиелейді. Асылында, Алла Тағала барша адамның әр ісін, сөзін, ниетін, тіпті көкейдегі ойын да біледі. Шынайылық болмаған амалда береке болмайды. «Ихсан» – адамды тақуалыққа тәрбиелейді.

Берілетін тәлім-тәрбиенің негізгі темірқазығы болып табылатын әрекеттің бастапқы қадамы ихсан ілімін дұрыс түсінуден басталады. Сол себепті біз ихсанды бойымызға сіңіруіміз үшін ықылас, ниет, ыждаһат, тұрақтылық, тиянақтылық, Аллаға, Құранға, Пайғамбарға деген махаббат, нәпсімен күресу жолдары, жүрек дертінен арылу, рух тазалығы, тіл тазалығы сынды көркем мінезді қалыптастыратын сипаттарға ие болуымыз қажет. Сонымен қатар, ата-ана, бала-шаға, көрші-қолаң, ағайын-туыс, айналадағы адамдардың ақысын таптамау, жаман әдеттерден арылудың жолдарын ұстануды үйренуіміз керек.

Ихсан – жүрекпен тікелей байланысты ілім. Ихсан ілімін кейде жүрек ілімі деп те айтады. Себебі, жүрек түзелсе, кісінің барша істері де дұрыс болмақ. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл жайлы бір хадисінде: «Денеде бір кесек ет бар. Ол түзелсе, бүкіл дене түзеледі, ал ол бұзылса күллі дене бұзылады» (Имам Бұхари, Иман 39), – деп Алланың назары түсетін, амалдың бағаланатын орны жүрек екенін білдірген.

Ихсан – тақуалыққа тәрбиелейді. Ал тақуалық дегенді қалай түсінеміз? Тақуалық сөзі «аз сөйлеу», «сақтау», «қорғау», «әдепсіз әдеттерден, зиянды нәрселерден аулақ болу» деген ұғымға саяды. Шариғи мағынасына келсек, «күнәлі істерден сақтану, ұятты амалдан алыс болу, Алла Тағалаға бойсұнып, өзіне және өзгеге жақсылық жасау» деген мағыналарды білдіреді. Күнә мен қателікке ұрындыратын істерден сақтану – тақуалықтың белгісі.  

Тақуалыққа жету үшін ең алдымен мықты иман, дұрыс ақида, жақсы амал, шариғат тыйған нәрселерге аса мән беретін сау жүрек, нәпсіні тежеу, біреудің дөрекі әрекетіне көркем мінез-құлықпен жауап беру, Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезін бойға сіңіруге деген ұмтылыс керек. Осы ретте біреудің дөрекі әрекетіне көркем мінез-құлықпен жауап беру дегенді ерекше айта кеткен абзал. 

Ғұламалар адамға берілетін несібенің, нығметтің екі түрі бар екенін айтады. Біріншісі – тәннің несібесі, екіншісі – жанның (рухтың) несібесі. Тәннің несібесі күнделікті ішіп-жейтін ырзық-тамағымыз екені белгілі. Ал жанның (рухтың) несібесі білімнің нәсіп болуы екен. Бұл жерде білім дегенде иләһи ілім меңзеліп тұр. Яғни Алланы тануға жетелейтін білімнің берілуі – Алланың адам баласына нәсіп еткен рухани несібесі екен.

Жаңаарқа аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі