ПАЙДАЛЫ ІЛІМ

Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласының көзін ашатын Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен сыйы. Білім – ақыл мен парасаттың белгісі. Расында ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы білім алу және іздену. 

Ілім алудың маңыздылығы жайында Ислам әлемінде төртінші Халиф болған Али ибн Әбу Талиб (р.а): «Ілімсіз ғибадатта, түсінбей оқыған ілімде және ойланып, мән бермей оқуда еш жақсылық пен берекет жоқ» деген.

Ілім дүние мүліктен қымбат. Ілім сені қорғайды, малдың қорғаушысы сенсің. Онымен амал еткеніңде ілім арта түседі, ал дүние – мүлік жұмсаған сайын азаяды.

Қазіргі заманғы ғылымдарды игеріп, дамуға кедергі келтіретін надандық, кедейлік және идеялық жікшілдікпен күресудің аты да жиһад. Ислам  бізге  ілім  алуды,  яғни  дұрыс  білім  алуды  бұйрады. Өкінішке  орай,  білімсіздік  мұсылман  жамағатын  жік-жікке  бөліп, Ислам  әлеміне  қара  күйе  жақтырады.

«Ұстазы жақсының-ұстамы жақсы»-деп дана халқымыз бекер айтпаған. Әлемдік деңгейде кең қанат жайып келе жатқан ғаламдану үрдісінде әр халықтың өзіндік бет – бейнесін сақтап қалуы мен ұлттық ерекшеліктерді қазіргі өркениет талаптарына сай жетілдіру мәселесі зор маңызға ие болып отыр. Халықтың рухани құндылықтары ақпараттар ағымымен, жан- жақтан еніп жатқан жат түсініктер тасқынында жоғалып кетпеуі үшін жас ұрпақтың білімі жоғары болуы тиіс.

Шариғат ілімі дегеніміз – бүкіл дүниені кім жаратқандығын, қандай мақсатпен жаратқандығын, қалай жаратқандығын және сол дүниеде өмір сүру жолдарын үйрететін ғылым. Шариғи білімді меңгерген адам алдымен өзін жаратқан Раббысын таниды. Сондай-ақ, өлімнен кейін де өмір бар екенін, адам өзі Алланың алдында істеген істері үшін сұраққа тартылатынын біледі. Сондықтан, Алланың бекіткен адал заңын бұл дүниеде берік ұстануға тырысады.

Шариғат ілімі адамды сауапты іс жасауға итермелейді, күнәдан алыстады. Осы арқылы қоғам түзеледі. Дінді меңгерген адам айналасындағыларға құрметпен қарап, олардың көңіліне қаяу түсірмеуге тырысады. Әрдайым жақсылық жасауға жақын тұрады. Шариғат білімі адамды өмір бойы мазалайтын маңызды сұрақтарға нақты жауап алуға мүмкіндік береді. Мысалы, бүгінде көп адам Алланың бар екенін және бір екенін білсе де, өмірдің мәні неде екенін, өзінің не үшін жаратылғанын, Құдайға деген құлшылықтың не үшін жасалынатынын біле бермейді. Ал, «Зәрият» сүресінің 56-аятында «Мен жындар мен адамзатты тек өзіме ғибадат жасау үшін жараттым» делінген. Яғни, шариғи білім сіздің өміріңіздің шамшырағы.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, білімнің әр саласында өз үлесімізді қосып, әлемнің ашылмаған жаңалықтарын зерттеп-зерделеп, діни салада болсын дүниелік салада болсын еңбек етіп, егеменді еліміз Қазақстанды жоғары мәртебелерге  паш еткізуіміз керек. Алла баршамызға екі дүниенің пайдалы ілімін нәсіп етсін!

Жаңаарқа аудандық «Халық» мешітінің баспасөз қызметі