ҚМДБ «QAMQOR-SHARAPAT» САЛТТЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ СӘТБАЕВ ҚАЛАСЫНА АТ БАСЫН ТІРЕДІ

ҚМДБ «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы іс-сапармен Ұлытау облысына ат басын тіреді.

Мейрамбек Қабылбекұлы Ұлытау облысының бас имамымен бірге Сәтбаев қаласы әкімімен кездесу өткізді. Жиында «Qamqor-Sharapat» орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы салттық қызмет орталығының мақсаты, қызметтік бағытын кең көлемде таныстыра келе: «ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти хазіреттің бастамасымен жерлеу рәсімдерін ел көлемінде бірізге түсіру, ысырапты болдырмау, салт-санамыздың ұтымды тұстарын жаңғырту мақсатында «Qamqor-Sharapat» орталығы құрылды. Заман талабына сай мұсылманша қызмет көрсетін орталық жоралғыларды шариғат шеңберінде, салт-дәстүрге сай өткізеді. Жерлеу қызметінің жабдықтары мен бағасы айқындалып, зират тұрғызудың бірыңғай үлгісі әзірленіп, халыққа ұсынылды. Баға және жабдықтар құны қолжетімді болады» деп баяндап, қазіргі таңда қолға алынған шаруаларды талдап-түсіндірді.

Кездесуде жергілікті әкімшілік тарап осы саладағы мәселелерге байланысты сауалын қойып, 28 гектар жерді қоршауға уағдаласты. Алдағы уақытта бұл бағытта халыққа жерлеу рәсімдері, зиярат ету және ас беру мәдениетін түсіндіру жұмыстарын қарқынды жүргізу мәселелері талқыланды.