ДОМБЫРА ТАРТУҒА БОЛА МА?

Жалпы музыка – ғалымдардың арасында ең тартысты мәселелердің бірі. Өйткені музыканы ашық харам деп келген хабарлар сахих емес, ал ол жайында келген сахих хадистерде ашық харам деп айтылмаған[1].

Хадистерде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дуффпен айтылған әндерді тыңдағаны, Хассан (р.а.) Алла Елшісін дәріптеп, қорғаған уақытында оны құптағаны т.б. дінді насихаттау, халықты отансүйгіштікке, имандылыққа, бірлік пен адамгершілікке шақыратын әндерге рұқсат екендігіне дәлел болады. Сондай-ақ бұған бірқатар сахабалар[2], табиғиндер[3] және бірнеше ғалымдар[4] рұқсат берген. 

Имам Әбду әл-Ғани ән-Нәбулуси әл-Ханафи: «Музыкалық аспаптар – оның көрінісі, одан шығатын дыбыс себепті харам емес. Өйткені құстардың сайрағаны да әуен. Ғалымдар құстың әуені харам еместігіне бірауыздан келіскен. Егер ол бекершілік, харам нәрселермен араласса сол уақытта тыйым салынады»[5], – деген.

Демек дінді насихаттайтын, халықты отансүйгіштікке, имандылыққа, бірлік пен адамгершілікке шақыратын әндер мен музыкаға рұқсат. Егер музыка пасықтыққа, бұзғыншылыққа, жаманшылыққа, азғындыққа, т.с.с. шариғатымызда тыйым салынған істерге алып барса тыйым салынады.

Сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан қазақ халқының ұлттық аспабы – домбыра арқылы ән, терме-толғау шырқап, тыңдаушыны имандылыққа, ізгілікке, адамгершілікке, Отанды қорғауға, ата-анамызды қадірлеуге шақырған. Сондықтан домбыраны тартуға болады.

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

[1] Әбу Бәкір ибн Араби Мәлики, «Әхкәму әл-Құран», 3/1494.

[2] Омар ибн Хаттаб, Хасан бин Сәбит, Амр ибн Аас, Абдулла ибн Зубәйр, Билал т.б.

[3] Харижа ибн Зәйд, Сәйид ибн Мусәйиб, Ато бин Әби Раббах және мәдиналық көптеген фиқһ ғалымдары, сондай-ақ Әбу Мухаммед Ибн Хазм, Әбу Исхақ Әш-Ширазий, Абдулғани Ән-Нәбулиси т.б.

[4] Әбу Мәнсур әл-Бағдади әл-Шәфиғи (429 һ.қ.), Ибн Абдулбәр әл-Құртуби әл-Мәлики (463 һ.қ.), шейх Абдулғани ибн Исмайыл ән-Нәбулуси әл-Ханафи (1143 һ.қ.), Әбу әл-Фадыл Жағфар ибн сәғлаб әш-Шәфиғи әл-Әдфәуи (748 һ.қ.), Хафиз Шәмсуддин әз-Зәһәби әш-Шәфиғи 748 һ.қ.), Из ибн Абдуссәлам әш-Шәфиғи (660 һ.қ.), Әбу Бәкір ибн Араби Мәлики (543 һ.қ.), Әбу Хамид әл-Ғазали әш-Шәфиғи (555 һ.қ.), Ибн Хазм әл-Әндалуси (456 һ.қ.), имам Мухаммад Таһир әл-Мақдиси (507 һ.қ.).

Заманымыздың ғалымдары: Мухаммад Ғазали, Абдусаттар Әбу Ғудда, Махмуд Шәлтут, Юсуф Қардауи т.б.

[5] «Идаху әд-дәлалати фи симағи әл-әләти», 20-бет.