ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДАН ЖАРЫС ӨТТІ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты Ұлытау облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен қазақ ұлттық ойындарынан жарыс ұйымдастырылды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бекітілуімен “Ислам және дәстүр құндылығы жылы” болып бекітілген жылы өткен ұлттық ойындар жарысының демеушісі – жергілікті кәсіпкер ағамыз Жанұзақ Батырәліұлы.

Жарыстың ашылу салтанатында Ұлытау облысы дін істері басқармасының басшысы Дулат Рашидұлы мен Ұлытау облысының бас имамы Бейбіт Бақытжанұлы сөз сөйлеп, құттықтады. Кіл мықтының арасынан кім мықтыны анықтаған сайыста спорттың 5 түрінен сынға түсті. Жігіттердің білек күші сынға түскен бәсекеде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай қомақты сыйлықтар табысталды.

Ұлттық спорт түрлерінен өткен жарысқа Ұлытау, Түркістан, Қарағанды облыстары мен Астана қаласынан келген ойыншылар қатысты. Өңкей мығым білекті жігіттердің арасында осалы жоқ. Олардың арасында байрақты бәсеке мен түрлі чемпионаттардың жүлдегерлері де бар. Оғыландар жаппай көкпар, қошқар көтеру, аударыспақ, арқантартыс, садақ ату сынды ойын түрлерінен бақ сынасты.

Жарыста оқ бойы озық шыққан барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар берілді. Жаппай көкпардың жалпы жүлдесі 3 млн теңгені құрады. Аударыспақ, арқан тартыс, садақ ату бойынша әрқайсысында бөлек-бөлек 1-орынға 100мың, 2-орынға 70мың, 3-орынға 50мыңнан берілді. Ал қошқар көтеру сайысының жеңімпазына қошқардың өзі берілді.

Ұлытау облысында қазір көптеген спорт федерациялары жүйелі жұмыс істейді. Соның арқасында өңірде төл спорттың тамырына қан жүгіріп, қайта түледі.