Көркем мінез – асыл дініміз исламның ең маңызды тіректерінен. Қасиетті Құран мен Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінің қай жеріне қарасаң да көркем мінезге көңіл бөлгенін көресің. Мінездің көркем болуы мұсылман адамды Ұлы Аллаға жақындататын, әрі дәрежесін жоғарылататын ең ұлық құлшылықтардан.
Әнас ибн Мәлик (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мынандай сөзін жеткізеді: «Мен көркем мінездерді толықтыру үшін жіберілдім»– деп айтқан. Шынымен де, Пайғамбар (с.ғ.с.) тарихын оқитын болсақ, ол кісі жақындарымен ғана емес, қас жауларының өзіне көркем мінезділік таныта білген ерекше тұлға болғандығын көреміз. Осындай Пайғамбарға (с.ғ.с.) ілескен, оны үлгі ете білген мұсылман адам, өз бойындағы жаман мінез құлықты басып, жақсылық қасиеттерді қалыптастыруы қажет.
Алла кітабының қай аятына қарасаңыз да көркем мінезге жіті көңіл бөлген. Алла Құранда Пайғамбарға(с.ғ.с.) және бүкіл оның үмметіне
«(Ей, Мухаммед!)
Кешірімділікті ұстан, жақсылыққа бұйыр және надандардан бет бұр»
(«Ағраф» сүресі, 199-аят) -десе, тағы бір аятта:
«Шын мәнінде Сен әлбетте ұлы мінезге иесің»
(«Қалам» сүресі, 4-аят)- деп, Алла шариғатының негізгі ұстанымы, әрі адамзатты екі дүние бақытына жетелейтін игі жақсылықтардың бірі ол көркем мінез екендігін көрсетеді.
Көркем мінездің пайдасы не?
-Пендені Аллаға жақындататын істердің ең абзалы;
-Күнә істердің жойылып, сауапты істердің көбейуіне себеп;
-Алланың пендесін жақсы көруіне себеп;
-Өлкелердің берекелі, ал ғұмырдың ұзақ болуына себеп;
-Адамдардың кісіні тек жақсы жағымен еске алуына себеп;
-Көркем мінез достарыңның көп болып, дұшпандарыңның аз болуына себеп;
-Пенде тәнінің тозақ отына күймеуіне себеп;
-Көркем мінез қиямет күні амал таразысындағы ең ауыр нәрсе;
-Пенденің жұмақта Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)жанында болуына себеп;
Қорыта айтқанда, мұсылмандық дегеніміз – көркем мінез. Яғни, көркем мінез бар жерде имандылық бар. Нағыз мұсылман кісі өзіне қалаған нәрсені өзгеге қалайтын, әрі қолымен де, тілімен де өзгеге зиян жеткізбейтін және ашудың үстінде тұрсада өзін ұстай білетін сабырлы адам.
Алла елшісі (с.ғ.с.) бүкіл саналы ғұмырын көркем мінезді дәріптеуге арнады. Құранда «Расында, Аллаға және ақырет күніне иман келтіріп, Алланы көп еске алатындар үшін Алла елшісінде(с.ғ.с.) керемет үлгі-өнеге бар» (Ахзаб сүресі, 21-аят) –делінген. Ал, сондай керемет көркем әдепті тал бойына топтап, үмметіне үлгі болған адамзаттың ардақтысы, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алейһи уә сәлләм: «Иә, Аллам! Менің жаратылысымды көркем еткеніңдей, мінез-құлқымды да көркем ет!»-деп көп дұға-тілекте болады екен.
Олай болса, Алла Тағалам баршамызға осы Мәуліт айында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ерекше салауат айтып, ол кісіден үлгі алуымызды және адамдарға жағдайымыз келгенше Алла разылығы үшін жақсылық жасап, зиян келтірмей көркем мінезде болумызды нәсіп етсін.
Сәтбаев қалалық «Сәдуақас Ошақұлы» мешітінің наиб имамы
Рахимбеков Ғалымжан