ТӨРТЕУ ТҮГЕЛ БОЛСА…

“Төртеу түгел болса төбедегі келеді, Алтау ала болса ауыздағы кетеді”. Қазақтың бірлікке шақырар керемет қанатты сөздерінен екені даусыз. Бұл жердегі “төртеу” деп нені нұсқайды? “алтау” деп қайсысын меңзейді? Осы сұрақтарға бір ойланып көрсек. Әркім әр түрлі тәпсірлейді.

Омар Жәлел бір сұхбатында Шәкәрім атамыздың мына бір өлең  шумақтарын төртеудің тәпсірі ретінде ұсынды:

Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан

Анық төмен болмай ма хайуаннан.

Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса,

Өлген артық дүниенi былғағаннан!

Алайда бұл шумақтар Талапты тізгіндейтін қасиеттің төртеуі емес пе еді?! Бұл нұсқаны қабылдай алмадым.  “Талап пен ақыл” деп аталатын өлеңнен бірлікке шақыратын мазмұн іздеу қателік болар.

Шариғат оқыған кісілер: “Төртеу түгел болса” дегені 1. ҚҰРАН 2. ХАДИС 3. ИДЖМА. 4. ҚЫЯС болуы да әбден мүмкін – дейді. Бұл қасиетті төрт бұлақ шариғи дұрыс үкім шығару үшін қажет екені даусыз. Шариғи дұрыс үкім шықса, бірлік болатыны да сөзсіз. Бірақ, ақиқатында, осы төрт қайнардан сусындаған ғалымдар әр түрлі Мәзһаб құрғаны белгілі. Сол себепті бұл пікір де көңілді толтырмады.

Сайрам ауданының бас имамы Арыстан Оспанов бұл төртеудің тәпсірі ретінде “Аср” сүресіндегі Иман, салихалы амал, ақиқатты насихаттау, сабырлыққа шақыру – деп ұсынды. “Осы төртеуі түгел болса, адам баласы қасіретке ұшырағандардан болмайды” деген Алланың уәдесі бар, яғни «төбедегі келеді» дегенді қасыретке ұшырамау деп алуда. «Алтау ала болса» тіркесіндегі алтаудың тәпсірі ретінде иманның алты шартын айтты, себебі иманның алты шарты ала болса, ауыздағы кәлима кетеді-мыс. Арыстан ұстазымыздың бұл пікірі көңілге орныққан жақсы нұсқалардан.

Тәубенің төрт шарты деп түсінсек ше?! Себебі шынайы тәубе үшін кешірім және жұмақ, яғни «төбедегі келеді» – дегенді кешірім және жұмақ деп алсақ әдемі жарасар еді. Оған дәлел Тахрим сүресі сегізінші аят:

 يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا تُوبُوا إِلَى اللَّهِ تَوْبَةً نَّصُوحًا عَسَى رَبُّكُمْ أَن يُكَفِّرَ عَنكُمْ سَيِّئَاتِكُمْ وَيُدْخِلَكُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ 

Аудармасы: Әй мүміндер! Аллаға шынайы тәубе қылыңдар. Раббыларың жамандықтарыңды жойып, астарынан өзендер ағатын жұмақтарға кіргізуі үміт етіледі. Осы жерде тәубе қылу үшін төрт шарт орындалуы керек: Алладан кешірім сұрау, өкіну, күнәні істемеуге бекіну және адам алдында айып болса оны түзеу. Осы төрт шарт түгел болса “төбедегі келеді” деп өз пікірімді ұсынар едім. Бірақ маған филология ғылымдарының докторы, профессор Нұржанат Рахманованың пікірі дұрысырақ көрінді. Ол кісінің сұхбатта берген жауабын https://massaget.kz/ сайтында жариялаған:

Бұл асыл сөзде «алты және төрт» санын бекерге жаза қоймас. «Алтау боп – араз   болғанша, төртеу боп – түгел  тұрсайшы» деген сөзбен үндесетін сияқты. Яғни, көп боп, төрт жаққа тартқанша, төрт боп – бір жерге біріккен әлдеқайда тиімді. Меніңше, асыл сөз осыны меңзейді.

 Нұржанат Рахманованың пікірі логикаға дәл келетініне сіз де келісесіз деп ойлаймын. Қаншама пікірлер келтіре беруге болады. Бастысы – нақыл сөздің мазмұны. Төрт адам бірлікте болса, үлкен мақсаттарға жетеді (төбедегі келеді), алтау бола тұра ала болса, аузыңдағы сенікі деп тұрған нығметтен айырылатынымыз ақиқат.

Алла Тағала халқымызға ымыра-бірлік берсін! Сол ымыра-бірліктің қадіріне жетіп Төбедегі келсін!

Ахмет Ишан Оразайұлы орталық  мешітінің наиб имамы

Әнуарбеков Мейіржан