2026 жылғы 14 қараша күні ҚМДБ Ұлытау облыстық өкілдігіне қарасты әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Әйел даналығы – ұрпаққа аманат» тақырыбында рухани кеш өтті.

Тағылымды кешке арнайы шақырылған ұстаздар қатысып, әйел затының қоғамдағы орны, отбасы тәрбиесіндегі рөлі, ұрпақ тәрбиесі мен рухани құндылықтардың маңызы жөнінде насихат айтты. Сонымен қатар кеш барысында Құран аяттары оқылып, қонақтарға арналған арнайы бағдарлама ұсынылды. Түрлі танымдық ойындар ұйымдастырылып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Рухани басқосу аясында Құран оқуды тәмамдаған шәкірттерге арнайы сертификаттар табысталды. Сондай-ақ ұстаздармен бірге қызмет етіп, ортақ игі іске белсене атсалысып жүрген шәкірттер алғыс хаттармен марапатталды.

Кеш соңында ұйымдастырушылар мен қатысушылар осындай рухани кездесулердің маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта да ізгілік жолындағы жұмыстарды бірлесе жалғастыруға ниет білдірді.

Аталған кеш әйелдердің рухани дамуына серпін беріп, шәкірттер арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтқан тағылымды басқосу болды.