Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында Құран жаттау орталықтарының шәкірттері арасында Құран байқауы басталды.
Ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты. Бас мүфти жас қариларға сәттілік тілеп, Құран ілімінің адам өміріндегі орны мен маңызына тоқталды. Қасиетті Құранды жаттаумен қатар, оның мағынасын түсініп, ізгілік пен адамгершілік құндылықтарын күнделікті өмірде басшылыққа алудың маңызын атап өтті.
Рухани додада еліміздегі 9 Құран жаттау орталығынан келген 17 шәкірт бақ сынауда. Қатысушыларға ҚМДБ Құран секторының меңгерушісі Шыңғысхан Жаппарханұлы, «Хусамуддин ас-Сығанақи» Құран ижазасы орталығының директоры Ақжолтай Бақытжан және Ұлытау облысы бойынша Құран секторының жетекшісі Абдурахман Асқарұлы төрелік етуде.
Додада төмендегі қарилар үздік атанды:
І орын – Мұхаммедәмин Полат (Сауран ҚЖО) – Автокөлік;
ІІ орын – Нұрифат Нұрмахаметұлы Ярмұхаметов (Балаби ҚЖО) – 1 300 000 теңге;
ІІІ орын – Әбділәзиз Азадбеков (Ықылас ҚЖО) – 1 000 000 теңге;
IV орын – Мұхиддин Имамиддинұлы Шамсиддин (Атбасар ҚЖО) – 700 000 теңге;
V орын – Әбдірахым Мәлікұлы Дауров (Қордай ҚЖО) – 500 000 теңге.
Бірінші орын иегеріне жергілікті демеушілердің қолдауымен автокөлік табысталды.
Бас мүфти жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, жас қариларға білімдерін одан әрі жетілдіріп, Құран ілімін меңгеру жолында табандылық танытуға тілектестік білдірді. Сондай-ақ байқауды ұйымдастырушылар мен қолдау көрсеткен демеушілерге алғысын жеткізді.