Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, ұстаз Арман Қуанышбаев Ұлытау облысына арнайы іссапармен келіп, өңір тұрғындары мен түрлі сала қызметкерлеріне арналған рухани-ағартушылық бағыттағы кездесулер өткізді.

Іссапар аясында қоғамның әртүрлі саласында еңбек етіп жүрген азаматтармен кездесулер ұйымдастырылып, дәстүрлі ислам құндылықтары, имандылық, отбасы тәрбиесі, қоғамдық татулық, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жат ағымдардың алдын алу мәселелері кеңінен сөз болды.

Атап айтқанда, ұстаз Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының қызметкерлерімен, РБК банкінің ұжымымен, Ұлытау облысы әкімдігінің қызметкерлерімен және Ұлытау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамымен кездесіп, дін мен дәстүр сабақтастығы, адал еңбек, жауапкершілік және рухани тәрбие тақырыптарында тағылымды насихат жүргізді. Кездесу барысында қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, мазмұнды жауаптар алды.

Сонымен қатар Арман Қуанышбаев Сәтбаев қаласындағы «Балмағамбет Балқыбайұлы» мешітінде және Ұлытау облыстық «Ахмет Ишан Оразайұлы» мешітінде жамағатқа арнайы уағыз айтып, мұсылманның көркем мінезі, қоғамдағы бірлік пен ынтымақтың маңызы, діни сауаттылықтың қажеттілігі жөнінде әсерлі насихат айтты.

Сондай-ақ жұма күні облыстық «Ахмет Ишан Оразайұлы» мешітінде жұма намазына қатысып, жиналған жамағатқа жұма уағызын жүргізді. Уағыз барысында ислам дінінің бейбітшілік пен мейірімділікке үндейтін асыл қағидалары, адамгершілік құндылықтары және қоғам алдындағы жауапкершілік мәселелері кеңінен қамтылды.