Сәтбаев қалалық «Балмағамбет Балқыбайұлы» мешітінде «Иман және жүрек тыныштығы» тақырыбында рухани кеш ұйымдастырылды.
Тағылымды шараның құрметті қонақтары – ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Нұрғалиева ұстаз және Қарағанды облысы Әйел-қыздар секторының жауапты маманы Әйгерім ұстаз болды.
Кеш барысында ұстаздар жиналған қауымға жүрекке жетерлік насихат айтып, иманның адам өміріндегі орны, жүрек тыныштығына жетудің жолдары, рухани кемелдену мен ізгі амалдардың маңызы жөнінде тағылымды ойларымен бөлісті. Сонымен қатар адамның ішкі жан дүниесін тәрбиелеу, Аллаға деген сенімді нығайту және күнделікті өмірде рухани құндылықтарды берік ұстану мәселелеріне тоқталды.
Рухани кеш Құран аяттарын оқумен басталып, ізгі ниетпен хатым дұғасы бағышталды. Бұдан бөлек, кеш қонақтарына арнайы әзірленген рухани-танымдық бағдарлама ұсынылып, қатысушылардың белсенділігін арттыру мақсатында қызықты ойындар мен түрлі танымдық тапсырмалар ұйымдастырылды.
Жылы жүздесу мен тағылымды насихатқа толы кеш қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, рухани білімдерін толықтыруға, имандылық құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Осындай игі шаралар – қоғамда рухани тәрбие мен ізгілік құндылықтарын дәріптеудің, әйел жамағатының діни сауатын арттырып, өзара бауырмалдық пен бірлікті нығайтудың маңызды жолы.