Қазақ тарихында елінің еркіндігі мен жерінің тұтастығы үшін күрескен тұлғалар аз емес. Солардың ішінде Кенесары Қасымұлының орны бөлек. Ол — қазақтың соңғы ханы, ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті жетекшісі, елдің рухани және дәстүрлі болмысын сақтауға ұмтылған тарихи тұлға.
Кенесары Қасымұлының өмірі мен азаттық жолындағы күресінде Ұлытау өңірінің орны ерекше. Қазақ даласының тарихи мекендерінің бірі саналатын Ұлытау оның ел тәуелсіздігі жолындағы күресіне куә болған қасиетті өлке. Сондықтан Кенесары ханның тарихи мұрасы Ұлытау өңірінің шежіресімен де сабақтасып жатыр. Ханның есімі ел бірлігі, қазақ жерінің тұтастығы мен халықтың азаттығы жолындағы қызметімен тығыз байланысты. Оның тұлғасын тереңірек тану үшін ел басқарудағы ұстанымдарына, ислам дініне деген көзқарасына және қазақтың дәстүрлі құндылықтарына назар аударған жөн.
Кенесары өмір сүрген кезеңде ислам діні қазақ қоғамының рухани дүниетанымымен біте қайнасып кеткен еді. Қазақ халқы ғасырлар бойы діни қағидаларды өзінің тұрмыс-тіршілігімен, әдет-ғұрпы және салт-дәстүрімен сабақтастыра білді.
Бұл ерекшелік Кенесары ханның мемлекеттік басқару жүйесінен де көрініс тапты. 1841 жылы хан сайланғаннан кейін ол ел ішіндегі тәртіп пен бірлікті сақтауға күш салды. Басқару ісінде ислам құндылықтары мен шариғат қағидаларына мән берді. Тарихи деректерде оның сот жүйесін реттеуге, билер сотының қызметін жандандыруға және қоғамдық қатынастарда діни-құқықтық нормаларды басшылыққа алуға ұмтылғаны белгілі. Салық жүйесінде де исламдық құқықтың ықпалы байқалады. Мал шаруашылығымен айналысатын халықтан зекет, ал егіншілікпен шұғылданатындардан ұшыр алынғаны жөнінде тарихи мәліметтер кездеседі. Бұл сол кезеңдегі мемлекетті басқару ісінде исламдық құқық нормаларының қолданылғанын аңғартады.
Зекет пен ұшыр – исламдағы әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастыратын маңызды ұғымдар. Зекет арқылы қоғамдағы әл-ауқаты төмен жандарға қолдау көрсетіліп, байлықтың белгілі бір бөлігі мұқтаждарға бағытталды. Ал, ұшыр егін өнімінен берілетін діни міндетті білдіреді. Мұндай ұстанымдар қоғамда қайырымдылық, жауапкершілік пен өзара жәрдемдесу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті. Кенесарының ел басқарудағы діни ұстанымдары оның қоғамдық тәртіп пен рухани құндылықтарға сүйенген басқару жүйесін қалыптастыруға талпынғанын көрсетеді.
Хан Кененің мұсхафы табылғанын естіген шығарсыз. Құранның бұл нұсқасы қазақ халқының тарихи, рухани, мәдени жәдігері. Мұсхафтың бұл нұсқасы ұлтымызда дәстүрлі діннің билеуші топ арасында да жоғары құрметке ие болғандығын білдіреді.
Бұрын, үйде Құранның болуы зиялылықтың, діндарлықтың, бекзаттықтың негізгі нышаны болған. Қазақтың әрбір қара шаңырағында міндетті түрде бір мұсхаф (Құран) табылады.
Кенесары Құраны 2023 жылы тарихи отаны елімізге қайтарылған. Құранды Марал ишан Кенесары ханға сыйлаған. Мұны Құранның жиегіндегі:
قزاق خانی کینه ساری خان نی الله قوروصون دعاکوی فقیر راجي الی الله ملا مرال بن قربان
“Қазақ ханы Кенесары ханды Алла қорысын (сақтасын). Дұғагөй пақыр ражи илә Алла (Аллаға жалбарынышты) Молда Марал ибн Құрбан”, - деген жазу растайды.
Қазақы болмыс пен мұсылмандық – бір-бірінен ажырамас құндылық:
Қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында имандылық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, аманатқа адалдық, уәдеге беріктік, жетім мен жесірге қамқорлық секілді қасиеттер ерекше орын алған. Бұл құндылықтар ислам дінінің адамгершілік қағидаларымен үндесіп жатты. Ол адамның күнделікті мінез-құлқынан, отбасындағы тәрбиесінен, ел арасындағы қарым-қатынасынан және қоғам алдындағы жауапкершілігінен көрініс тапқан. Сондықтан Кенесары дәуіріндегі діни дүниетанымды қазақтың ұлттық болмысынан бөліп қарауға болмайды. Ол кезеңде дін мен дәстүр, елдік сана мен қоғамдық тәртіп өзара сабақтасып жатты. Кенесары ханның ел ішіндегі бірлікті сақтауға, тәртіп орнатуға және дәстүрлі басқару жүйесін жаңғыртуға ұмтылысы да осы тарихи дүниетаныммен байланысты еді. Исламда мұсылмандардың бірлігіне, өзара бауырмалдығына және қоғамның амандығына ерекше мән беріледі.
Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 58-аятында:«Расында, Алла сендерге аманаттарды өз иелеріне тапсыруларыңды және адамдар арасында билік айтқанда әділдікпен билік етулеріңді бұйырады», – делінген.Бұл аят ел басқарудағы әділдік пен жауапкершіліктің маңызын айқындайды. Кенесары ханның ел ішіндегі тәртіпті нығайтуға, дәстүрлі басқару жүйесін сақтауға және халықтың бірлігін қамтамасыз етуге ұмтылысы осы құндылықтардың тарихи мәнін танытады.
Тәуелсіздік – Кенесарының басты мұраты
Кенесары Қасымұлының күрес жолындағы негізгі мақсаты – қазақ халқының саяси дербестігін сақтау, жерінің тұтастығын қорғау және өз алдына тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүруіне мүмкіндік жасау болды. Ол үшін тәуелсіздік тек сыртқы күшке бағынбаумен шектелмеген. Елдің өз билігі, өз тәртібі, өз шаруашылығы мен тіршілігі болуы маңызды еді. Осы тұрғыдан алғанда, Кенесарының елдік мұратын бүгінгі ұрпаққа жеткізу – аса маңызды міндет. Тәуелсіз ел болу дегеніміз – тек шекарасы мен мемлекеттік рәміздері бар мемлекет болу емес. Ол – халықтың өз қажеттілігін өзі өтей алуы, отандық өндірістің дамуы, білім мен ғылымның өркендеуі.
Кенесары ханның тәуелсіздік жолындағы күресінен бүгінгі жастар да тағылым алуы керек. Әрбір жас өз саласында білім алып, кәсібін дамытып, ел экономикасына үлес қосуға ұмтылғаны жөн. Бірі ғылымда, бірі өндірісте, енді бірі ауыл шаруашылығында, кәсіпкерлікте немесе қоғамдық қызметте еңбек ету арқылы мемлекетінің дамуына үлес қоса алады. Себебі: Отанға қызмет ету тек қарумен қорғану емес, адал еңбек ету, білім іздеу, отандық өнім өндіру, қоғамға пайда келтіру де – ел алдындағы жауапкершіліктің бір бөлігі.
Кенесары мұрасы – бүгінгі ұрпаққа өнеге
Кенесары Қасымұлының өмір жолы – елге адал қызмет етудің, рухани құндылықтарды құрметтеудің және ұлттық болмысты сақтаудың үлгісі. Оның тарихи мұрасы бүгінгі ұрпаққа тәуелсіздіктің қадірін түсіндіріп қана қоймай, имандылықты, бірлікті, әділдікті және отанға деген жауапкершілікті ұғындырады. Ендеше, Кенесары ханның өнегелі жолын зерделеу, дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеу – елдік сананы нығайтып, келешек ұрпаққа аманат етер маңызды құндылық.
Зарина Игенова
"Мұнара" телеарнасының Ұлытау облысы бойынша журналисі