Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен қолға алынған «Әдемі әуезді азаншы» VІ республикалық жарысына Ұлытау облысы бойынша мешіт азаншылары арасында іріктеу сайысы өтті.
Ислам дінінің басты рәміздерінің бірі болған азанды айтудың да өзіндік артықшылығы бар. Оны білген дана бабамыз «Аллаға жағайын десең, азанды бол!» деген секілді ұлағатты сөз қалдырған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кімде кім жеті жыл бойы сауабын үміт етіп азан айтса, ол тозақ отынан құтылады» деп сүйіншілеген.
Ұлытау облысы бойынша азаншылар арасындағы іріктеу сайысы Сәтбаев қалалық «Балмағамбет Балқыбайұлы» мешітінде өтті. Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі 1-орынды (70 000 теңге сыйақы) Сәтбаев қалалық «Сәдуақас Ошақұлы» мешітінің бас имамы Ахмедиянов Сағындық, 2-орынды (50 000 теңге сыйақы) Жәйрем кенті мешітінің наиб имамы Жайлаубаев Азамат, 3-орынды (30 000 теңге сыйақы) Ұлытау облыстық «Ахмет ишан Оразайұлы» мешітінің ұстазы Шалқар Құрбанбек иеленді.
Ұлытау облысының намысын қорғау үшін «Әдемі әуезді азаншы» VІ республикалық жарысына жолдама жеңімпаз Ахмедиянов Сағындық Мұхиденұлына берілді.