СӘТБАЕВ ҚАЛАСЫНДА МӘУЛІТ КЕШІ ӨТТІ

Сәтбаев қаласында рухани және тағылымды іс-шара — мәртебелі Мәуліт кеші ұйымдастырылды. Бұл игі шараны “Балмағамбет Балқыбайұлы” мешіті, “Сәдуақас Ошақұлы” мешіті және “Бірлігі жарасқан жамағат” еріктілер тобы бірлесіп өткізді.

Кеш Қасиетті Құран Кәрімнің оқылуымен басталып, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) мәуліт шариф оқылды. Іс-шара барысында Ұлытау облысының бас имамы Бейбіт Бақытжанұлы жамағатты құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді. Сонымен қатар, Елдос ұстаз мазмұнды насихат айтып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірі мен өнегесін үлгі етті. Жамағат арасында «Kahoot» бағдарламасы арқылы викториналық сұрақтар ойнатылды.

Кеш соңында белсенді жамағат мүшелері алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, екі азаматқа Умра қажылығына жолдама табысталды. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арнап 50 қайырымдылық қоржыны үлестірілді.

Бұл кеш — тек рухани азық қана емес, сонымен бірге бірлік пен бауырмалдықтың белгісі болды.