Сәтбаев қалалық «Балмағамбет Балқыбайұлы» мешітінде Отбасы күніне орай ұйымдастырылған «Берекелі шаңырақ – адал қоғам негізі» атты рухани-танымдық іс-шарасы өтті.

Іс-шара барысында Ұлытау облысы бойынша «Дәстүр және отбасы» бөліміне жауапты маман Сағындық Мұхиденұлы отбасы құндылықтары, ерлі-зайыптылар арасындағы өзара сыйластық, жауапкершілік, сабыр мен кешірім, ата-ананы құрметтеу және бала тәрбиесінің маңызы жөнінде насихат айтты.

Жиынның негізгі мақсаты – Ислам дініндегі отбасы құндылықтарын насихаттап, жастарды отбасын құруға жауапкершілікпен қарауға үндеп, ұлттық салт-дәстүр мен діни құндылықтардың сабақтастығын көрсету.

Сонымен қатар, мешітте неке қиюдың маңызы, жас отбасыларға рухани қолдау көрсету және бала тәрбиесінде ата-ананың жауапкершілігі туралы кеңінен түсіндірілді.

Іс-шара соңында отбасындағы береке мен бірлікті сақтау, ұлттық және діни құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру – баршаға ортақ жауапкершілік екені атап өтілді.