Жезқазған қаласында «Мұхаммед – жүректердің сүйіктісі» атты Мəуліт кеші өтті. Əйелдер мен қыз-келіншектерге арналған рухани шарада Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі мен адамзатқа қалдырған асыл мұрасы кеңінен дəріптелді. Іс-шараны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ұлытау облысы өкілдігіне қарасты əйел-қыздар секторы ұйымдастырды. Кештің негізгі мақсаты — Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірі мен көркем мінезін насихаттап, қыз-келіншектер арасында имандылық, ізгілік пен ұлттық тəрбиені дəріптеу.

Рухани кештің шымылдығы қасиетті Құран аяттарын оқумен ашылды. Жиылған қауым Құран тыңдап, одан кейін Мəуліт айының мəні мен маңызы туралы уағызға құлақ түрді. Шара барысында Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір жолына арналған монолог ұсынылып, оның адамзатқа қалдырған өнегесі мен көркем мінезі кеңінен сөз болды.

Райхан Джамалуддинқызы, Ұлытау облысы əйел-қыздар секторының жетекшісі:

Мəуліт кешін ұйымдастырудағы мақсатымыз — Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірі мен өнегесін насихаттау, қыз-келіншектерге рухани тəрбие беру. Осындай басқосулар арқылы жамағаттың діни сауатын арттырып, имандылыққа, ізгілікке үндегіміз келеді. Бүгінгі кештің мазмұны да осы мақсатқа негізделді. Мұндай кездесулер əйелдер мен қыз-келіншектердің рухани дамуына ықпал етіп, жақсы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Кештің мазмұнын «Əжелер мектебінің» өкілдері де толықтырды. Ақ жаулықты əжелер сахна төріне шығып, арнайы дайындаған бағдарламасын ұсынды. Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арналған жыр-арнаулар орындалып, ұлттық тəрбие мен рухани құндылықтар дəріптелді.

Дүйсенкүл апа, «Əжелер мектебінің» төрайымы:

Əжелер мектебін ашудағы мақсатымыз — кейінгі ұрпаққа тəрбие беру, ұлттық құндылықтарымызды дəріптеу. Ұлытау облысының өркендеуіне атсалысып, ел мүддесі жолында өз пайдамызды тигізсек деген ниетіміз бар. Қолымыздан келгенше елдің рухани өміріне араласып, жастарға өнеге көрсеткіміз келеді.

Дүйсенкүл апа бұл кеште Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арнаған өз туындысын да орындады. Оның айтуынша, арнаудың жазылуына өміріндегі ерекше жағдай себеп болған.

Дүйсенкүл апа:

Баламнан отыз жасқа жақындағанда айырылып қалдым. Қайтыс болар алдында Пайғамбарымызды (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түсінде көргенін айтқан еді. Балам дүниеден өткеннен кейін оның нұрланып жатқанын көрдім. Сол жағдайдан кейін менің Пайғамбарымызды тануға деген ерекше ықыласым артты. Оның өмірін, өнегесін білуге деген құштарлығым оянды. Содан жүрегімдегі сол сезімді арнау арқылы жеткізгім келді.

Дүйсенкүл апаның Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арналған жүрекжарды арнауы жамағатқа ерекше əсер сыйлады. Өлең жолдарынан Хақ елшісіне деген сағыныш пен құрмет сезілді.

Рухани кеш ұлттық өнермен де сабақтасты. Домбыраның қоңыр үнімен орындалған «Алладан басқа жоқ тəңір» туындысы көпшілікке ерекше əсер берді. Ұлттық аспаптың үнімен өрілген рухани арнау кештің мазмұнын аша түсті.

Осылайша, «Мұхаммед – жүректердің сүйіктісі» атты Мəуліт кеші қыз-келіншектерге Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі жолын танып, рухани ой түюге мүмкіндік берген мəні терең кездесуге айналды.

Зарина Игенова

"Мұнара" телеарнасының Ұлытау облысы бойынша меншікті тілшісі