Бүгін Ұлытау облыстық мешітінде қасиетті жұма намазы оқылып, жамағатқа тағылымды уағыз-насихат айтылды.
Жұма уағызын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Ермек Қасболатұлы жүргізді. Уағыз барысында мұсылманның бойындағы көркем мінездердің бірі – сабырлықтың маңызы кеңінен түсіндірілді.
Наиб мүфти сабырдың адам өміріндегі орнына тоқталып, сынақ пен қиындыққа сабыр ету, ашу мен нәпсіні тізгіндеу, Алланың берген нығметіне шүкіршілік ету – мүміннің көркем қасиеттерінің бірі екенін атап өтті.
Сондай-ақ, сабырдың тек қиындыққа төзу ғана емес, жақсылыққа ұмтылуда табандылық таныту және күнәдан бойды аулақ ұстау екенін жеткізді.
Уағыз соңында жамағатты қандай жағдай болмасын Алла Тағалаға тәуекел етіп, сабыр мен шүкірді серік етуге үндеді.
Жұма намазына жиналған жамағат уағызды тыңдап, рухани тағылым алды.