Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Ұлытау облыстық «Ахмет ишан Оразайұлы» мешітінде ҚМДБ «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының қызметін цифрландыру жұмыстары бойынша өңірлік семинар өтті.
Шараға «Qamqor-Sharapat» орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы, «Sharapat Digital» ЖШС директоры Еркін Тойжанов, Ұлытау облысының бас имамы Елдос Қуандықұлы, әкімшілік басшылары, ардагерлер қоғамының мүшелері, «Qamqor-Sharapat» орталығының өңір бойынша жауапты меңгерушісі Қанат Қайратұлы қатысып, баяндама жасады. Семинарда зират салуды бірізділікке түсіру, зираттарды цифрландыру және оның мақсаты түсіндірілді. Еліміз бойынша жерлеу рәсімдерін бірізділікке келтіру, ысырапқа жол бермеу, құлпытас орнату, ҚМДБ «Шариғат және пәтуа» бөлімінің пәтуалары мен «Зират және зиярат мәдениеті» атты құжат негізінде жұмыс жасау қажет екендігін айтты. Мұнымен қатар, зират орындарының жұмыстарын заман талабына сай дамыту, бұрын қайтыс болған марқұмдардың аты-жөнін жинақтап, бір орталықта сақтау, цифрлық жүйеге енгізу сынды жаңа бастамаларды ортаға салды.