Ұлытау облысында той мәдениетін қалыптастыру, ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында өңір асабаларына арналған «Той – тәрбие мен тағылымның ордасы» атты семинар өтті. Іс-шараға жергілікті асабалар қатысып, қоғамдағы той өткізу мәдениеті мен асабаның жауапкершілігі талқыланды.
Семинарға спикер ретінде Жезқазған қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазамбаев Мұрат Сүтенұлы және ақын, сценарист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ештанаев Ғазиз Елеусізбайұлы, Ұлытау облысының бас имамы Бейбіт Бақытжанұлы қатысты.
Жиында соңғы жылдары тойларда жиі көрініс тауып жүрген артық шығын, өзара бәсекелестік, орынсыз ысырап, дастарқандағы аста-төк тағамдар мен бейәдеп ойындар секілді өзекті мәселелер қозғалды. Сондай-ақ тойдың мазмұнын байыту, ұлттық әдеп пен салт-дәстүрге сай өткізу, асабалардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру жөнінде пікір алмасты.
Спикерлер тойдың тек көңіл көтеру мен даңғазаға құрылған жиын емес, ағайынның басын қосып, үлкеннің батасын алатын, жастарға өнеге беретін тәрбиелік мәні зор орта екенін атап өтті. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан той дәстүрінде бірлік, сыйластық, ізет пен батаға ерекше мән берілгені айтылды.
Кездесу барысында асабалар да өз ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісіп, той мәдениетін жақсартуға қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Семинар қорытындысында тойдың сәні ысырап пен даңғазада емес, мазмұн мен мағынада, ұлттық құндылықтар мен өнегеде екені айтылып, асабалардың осы бағытта қоғамға ықпал ете алатын маңызды тұлғалар екені атап өтілді.