Жезқазған қаласының әкімдігінде “Ибалылық пен имандылық – парасаттылық айнасы” атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шараға мемлекеттік мекемелердің өкілдері, дін қызметкерлері мен жастар қатысып, қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайту жайы талқыланды.
Кездесуге арнайы келген Ұлытау облысының бас имамы Жансарин Бейбіт Бақытжанұлы дін мен дәстүр сабақтастығы, ұлттық болмыс пен рухани тәрбиенің өзара байланысы жөнінде мазмұнды баяндама жасады. Ол өз сөзінде ибалық пен имандылықтың — адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі екенін, ал парасаттылықтың қоғамның тұтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін рухани күш екенін атап өтті.
Іс-шара барысында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, жастар арасында адамгершілік, мейірім мен ізгілік құндылықтарын кеңінен насихаттаудың маңыздылығын айтты.
Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты — қоғамда рухани құндылықтарды дәріптеу, ұлттық тәрбие мен діни сана сабақтастығын нығайту, сондай-ақ парасаттылық пен мәдениеттілікке үндейтін орта қалыптастыру болды.
Шара соңында қатысушылар игі бастаманың жалғасын табатынына сенім білдіріп, бір-біріне алғыстарын айтты.

