Ұлытау облыстық әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен “Ілімнің жемісі – Жәннат” атты қорытынды рухани кеш жоғары деңгейде өтті. Тағылымды шараға Түркістан облыстық әйел-қыздар секторының жетекшісі, белгілі ұстаз Еңлік Мұратқызы арнайы қонақ ретінде қатысып, рухани отырыстың мән-маңызын арттырды.
Кеш барысында Құранға түсу рәсімі өткізілді, тәуелсіздік құрбандарына Құран хатымы бағышталды. Сондай-ақ жәннат тақырыбында жүрекке жетерлік монологтар оқылып, қызметтегі шәкірттер мен өңір ұстаздарына арнайы алғыс хаттар табысталды. Қатысушылар үшін зейінді дамытатын интеллектуалды ойындар ұйымдастырылып, кеш мазмұны одан әрі байытылды.
Рухани отырыс аясында Еңлік ұстазбен еркін форматта сұрақ-жауап сұхбаты өтіп, жамағат көкейіндегі сан түрлі сауалдарына тұшымды жауап алды. Кеш соңында ұстаз тағылымды насихат айтып, жиналған қауымға имани серпіліс сыйлады.
Іс-шаралар легі келесі күні де жалғасын тапты. Ұлытау облысы, Сәтбаев қаласында “Әйел – аманат, ардақты жан” атты рухани отырыс өткізіліп, әйел затының Исламдағы орны, отбасындағы рөлі, инабаттылық пен сабыр, ұрпақ тәрбиесі жайлы маңызды насихаттар айтылды. Бұл басқосу жамағатқа ерекше рухани әсер қалдырды.
Сонымен қатар Сәтбаев қалалық “Балмағамбет Балқыбайұлы” мешітінде “Исламдағы отбасы – берекенің бастауы” тақырыбында тағылымы мол семинар ұйымдастырылды. Семинарға қонақ ретінде Еңлік Мұратқызы арнайы шақырылып, исламдағы отбасының орны, ер мен әйелдің жауапкершілігі, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі және отбасы берекесін сақтаудың рухани жолдары кеңінен түсіндірілді. Кездесу соңында қатысушылардың сұрақтарына жауап беріліп, жамағат мол рухани әсермен тарқасты.











