«ИСЛАМ ЖӘНЕ АДАЛ ҚОҒАМ» ТАҚЫРЫБЫНДА ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІМЕН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Сәтбаев қалалық “Балмағамбет Балқыбайұлы” мешітінде қаланың зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайту, адалдық пен жауапкершілік ұғымдарын кеңінен насихаттау.

Жиын барысында Сәтбаев қалалық “Балмағамбет Балқыбайұлы” мешітінің имамы Еркебұлан Ермекұлы баяндама жасап, ислам дінінің адал қоғам қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Ол адалдық, әділдік, аманатқа беріктік секілді қасиеттердің Құран мен сүннеттегі орны жайында кеңінен әңгімелеп, бүгінгі қоғам үшін маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар “Сәдуақас Ошақұлы” мешітінің имамы Сағындық Мұхиденұлы сөз сөйлеп, рухани тәрбие мен адамгершілік құндылықтардың қоғам тұрақтылығына тигізетін оң әсері туралы ой қозғады. Ол жастарды имандылыққа, еңбекқорлық пен жауапкершілікке тәрбиелеудің маңызын ерекше атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуде дін мен руханияттың алатын орны туралы ұсыныстарын білдірді. Іс-шара соңында адал қоғам қалыптастыру жолында осындай тағылымды кездесулерді тұрақты түрде өткізу қажеттігі айтылды.