ҚАСИЕТТІ ҚҰРАНМЕН НҰРЛАНҒАН КЕШ

Ұлытау облыстық әйел-қыздар секторы Қожағазина Аяулым ұстаздың жетекшілігімен және Құран ұстазы Райхан ұстаздың ұйымдастыруымен мамыр айында Жезқазған төрінде рухани толқынысқа толы, жүрекке иман сыйлаған ерекше кеш өтті. Бұл – Құран жаттаған 27 қызға арналған марапаттау кеші.

Бұл кеш – жай ғана мереке емес, Құранның қадірін ұлықтаған, жүректерге сәуле шашқан рухани сәт болды. Әрбір тәж – Жаратқанның сөзін жүрекке қондырып, соны өміріне шамшырақ еткен қыздарға лайық. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) былай деген: «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны өзгеге үйреткендерің»
(Бухари риуаяты)

Осы кеште марапатталған 27 қыз – дәл осы хадистегі «ең жақсы» жандардың қатарында. Олар — Құранға түсіп қана қоймай, жүректерін Құранмен тазартқан, болашағын Алланың сөзімен нұрландырған тұлғалар.

Алла Тағала бұл арулардың еңбегін қабыл етіп, білімдерін арттырғай! Құран жолында жүретін жастар көбейіп, ұлт рухани жаңғыра бергей!