ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ИМАМДАРЫ ТАРИХИ НЫСАНДАРҒА ЗИЯРАТ ЖАСАДЫ

Ұлытау облысының имамдары “Дархан дала” рухани-танымдық туризм бағдарламасы аясында бірнеше киелі орындарға зиярат жасап, ұлттық тарих пен рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған іс-шара өткізді.

Сапар барысында делегация алдымен Алтын Орда дәуірінде қызыл кірпіштен салынған “Аяққамыр” мазарына барды. Бұл мазар – XIV ғасырдағы қазақ даласындағы көне сәулет өнерінің жарқын үлгілерінің бірі саналады. Академик Ә. Х. Марғұланның пікірінше, бұл – Темірқұтылықтың моласы. Ол – кезінде Әмір Темірдің қолдауымен Алтын Орда билігіне Тоқтамыс ханмен таласқан тарихи тұлға.

Келесі нысан – халық арасында «Сарымолда» атанған Балмағамбет Балқыбайұлы мазары болды. Мазар маңында имамдар Құран оқып, өткен бабалар рухына тағзым етті.

Сапардың соңғы нүктесі – әйгілі ғалым, геолог, қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаевтың музей-үйі болды. Имамдар қазақ ғылымының негізін қалаушылардың бірі болған тұлғаның өмірі мен еңбегі жайлы тың мәліметтер алды. Бұл орын жас ұрпаққа рухани тәрбие мен ғылым-білімге құштарлықты сіңіруге арналған маңызды орталықтардың бірі ретінде атап өтілді.

Имамдардың айтуынша, бұл сапар олардың дін қызметіндегі тарихи танымын тереңдетіп қана қоймай, ұлттық бірегейлік пен рухани сабақтастықты нығайтуға үлкен әсер етті. “Дархан дала” бағдарламасы аясындағы мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады деп жоспарлануда.