«Ислам және дәстүр құндылығы» жылы болып аталған 2024 жылдың Ұлытау облысы бойынша қорытынды есеп беру кеші өтті.
Алланың Елшісіне салауат айтумен, Алланың кәламы қасиетті Құран оқумен басталған бұл қорытынды кешке облыстың түкпір-түкпірінен қонақтар жиылды. Рухани кеш «Ислам және дәстүр құндылығы» жылын қорытындылайтындай барынша қазақы, ұлттық деңгейде өтті. Қазақы терме, ұлттық ойындар, дәстүр бағытындағы викториналық сұрақтар, қазыналы қарттарымызға құрмет көрсету, қонаққа сыйланған ұлттық қолөнер кәдесыйлары – барлығы дерлік дін мен дәстүр сабақтастығының көрінісі. Құрметті қонақ Қабдол Жанділдаұлының алаш жайлы айтқан насихаты рухани кештің сәнін бергендей. Елімізге белгілі ұстаз Елдос Қуандықұлының насихаты да келген жамағатқа бір серпіліс бергені байқалды.
Ұлытау облыстық дін басқармасының басшысы Дулат Рашидұлы облыс бойынша ең белсенді ерікті жамағаттарды марапаттаса, Ұлытау облысының бас имамы Бейбіт Бақытжанұлы ең алдымен ақсақалдар мен халық алдында жүрген ел ағаларына алғыс білдіріп, 3 ақсақалымызға шипажайға жолдама сыйлады. Имамдарды «Үздік ұстаз», «Үздік уағызшы», «Үздік аудандық наиб имам», «Үздік аудандық имам», «Үздік қалалық наиб имам», «Үздік наиб имам», «Ардагер имам» номинациясы бойынша марапаттап, 100 000 теңге сыйақы табыстады. Оған қоса, Жезді және Кеңгір кенті мешіттеріне қызметтік көліктің кілтін сыйға тартты. Кеш соңында жиылған жамағат арасында 1 кісіге умраға жолдама берілді.
Алла Тағала дін жолындағы қылған әр ісіміздің сауабын еселей түссін!